Мәскеу Орта Азия елдері АҚШ-пен қанша жақындасса да, Кремльден іргесін аулақ сала алмасына сенімді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресей Мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин Уашингтондағы «Орта Азия – АҚШ» саммитінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.
Оның сөзінше, Әмірикамен қол қойылған келісімдер мен миллиардтаған долларлық инвестиция аймақ елдерінің Мәскеумен ынтымақтастығына түбегейлі әсер етпейді.
«Ресей Батыс пен АҚШ-тың қыспағында тұрған қазіргі жағдайда Орта Азия мен Қапқаздағы ықпалын сақтау үшін күресуге мәжбүр.
Арнайы әскери операция жалғасып жатқандықтан, біз осы өңірде аса мұқият, байқатпай әрекет етуге тырысамыз. Дегенмен, аймақтағы беделіміз үшін барымызды салып күресуіміз керек.
Арнайы операцияның сәтті аяқталуы біздің ықпалымызға жаңа серпін бермек. Ал оған дейін іштен, төзуге тура келеді», – деген екен Затулин.
Сарапшылардың айтуынша, Мәскеу мен Уашингтон арасындағы геосаяси текетірес күшейген сайын, Орта Азия елдерінің көпвекторлы саясаты да күрделене түседі. Аймақ үшін екі алыптың арасында теңгерімді сақтау стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Ertenmedia-ған осыған дейін Мәскеу жақын уақытта іргедегі көршілерін түртпектей бастайтынын жазған еді.
Киевті үш күнде басып алмақ болған Кремльдің басқа елге соғыс ашуға дәрмені жоқ. Сол себепті арандатудың астыртын амалдарына көшеді. Орыстар дезинформация, іштен іріту, барлау қызметі арқылы тұрақсыздық туғызуды мақсат тұтып отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

