Қазақстанда жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін азаматтардың зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыру қарқыны бірнеше есе артты. Биылғы 7 қыркүйек пен 14 қазан аралығында 32 мыңнан астам салымшы инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 92 миллиард теңгеден астам жинағын аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ереженің әсері: бір айдағы көрсеткіш сегіз айдан асып түсті
Салымшылар белсенділігінің күрт өсуіне зейнетақы активтерін басқару қағидаларына енгізілген өзгерістер тікелей себеп болды. Қыркүйек айынан бастап қазақстандықтар міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаржының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін салымшылар міндетті және міндетті кәсіптік жарналардың 50 пайызын ғана бере алатын еді.
«Жаңа ережелер салымшыларға басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын дербес таңдауға, сондай-ақ жинақтарын бірнеше ұйым арасында бөлуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері.
БЖЗҚ таратқан ресми статистикаға көз жүгіртсек, 1 қаңтар мен 6 қыркүйек аралығында бар болғаны 44 167 адам зейнетақы жинағын жеке секторға тапсырған. Олардың аударған қаржысы 69,1 миллиард теңгені құраған еді. Ал жаңа нормалар іске қосылған небәрі бір айдан сәл асатын уақытта 32 921 адам өз таңдауын жасап, аударылған қаржы көлемі бірден 92,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл алдыңғы сегіз айдың жиынтық көлемінен де асып түсті.
Қай жастағы салымшылар көбірек белсенділік танытты?
Қор сарапшыларының мәліметінше, зейнетақысын жеке инвестициялық компанияларға сеніп тапсыруда 30 бен 39 жас аралығындағы азаматтар ерекше белсенді. Бұл санатқа барлық жасалған операциялардың 38 пайызы және аударылған қаражаттың 37,6 пайызы тиесілі болды.
Сонымен бірге азаматтардың аударып жатқан орташа қаржы көлемі де ұлғайған. Осыған дейін 30–39 жас тобындағы салымшының орташа аударым сомасы 922 мың теңге шамасында болса, соңғы бір айда бұл көрсеткіш 1,6 миллион теңгеге дейін өсті. Ал 40 пен 49 жас аралығындағы вкладчиктер арасындағы орташа көрсеткіш 1,2 миллион теңгеден 2,1 миллион теңгеге дейін жетті.
«Жаңа ереже күшіне енген соң салымшылардың көбі 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейінгі қаражаттарын сеніп тапсырған. Сондай-ақ 5 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін қаражат аударған азаматтардың да қатары көбейді».
Инвестициялық порталға сұраныс пен сақтық шаралары
Зейнетақы заңнамасына енген жаңашылдықтар аясында арнайы invest.enpf.kz порталына да қызығушылық күрт өскен. 1 қазандағы жағдай бойынша платформаны 82 мыңға жуық бірегей қолданушы қарап шыққан. Тек қыркүйек айының өзінде порталға 27,5 мыңнан астам адам кірген.
Бұл платформада әрбір салымшы инвестициялық басқарушы компаниялардың стратегияларымен, әр кезеңдегі табыстылық деңгейімен және активтердің қай қаржы құралдарына бағытталғанымен егжей-тегжейлі таныса алады. Басқарушы компаниялар негізінен үш түрлі – консервативті, ұстамды және тәуекелі жоғары портфельдерді ұсынады.
Мамандар зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру азаматтарға қолма-қол ақша төлеу дегенді білдірмейтінін ескертеді. Қаржы тек табыс табу мақсатында сенімгерлік басқаруға беріледі. Сондықтан қор өкілдері әрбір салымшыға басқарушы ұйымның қаржылық тұрақтылығы мен өткен кезеңдердегі табыстылығын мұқият саралап барып қана шешім қабылдауға кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







