Қазақстанда зейнетақы жинағының артық бөлігін баспана мәселесіне жұмсауға қатысты өтініш күрт көбейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наурыз айында орындалған біржолғы зейнетақы төлемі жөніндегі өтініш саны 50,7 мыңға жетіп, ақпанмен салыстырғанда 113 пайызға бір-ақ өскен.
Сарапшылар мұны ақпандағы техникалық кідірістен кейінгі жанданумен байланыстырады. Сол кезеңде Отбасы банк жаңа талапқа дайындалу үшін ипотеканы жабуға арналған зейнетақы қаражатын қабылдауды уақытша тоқтатқан. Енді мұндай қаражатты тек негізгі қарызды өтеуге пайдалануға болады, ал пайызын жабуға рұқсат жоқ. Соның салдарынан ақпанда баяулаған төлемдер наурызда қайта жанданып, былтырғы деңгейден де асып түскен.
Орындалған өтініштердің жалпы көлемі 50,4 миллиард теңгені құраған. Көрсеткіш ақпаннан 37 пайызға, ал өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 45 пайызға жоғары.
Бір өтінішке шаққандағы орташа төлем көлемі 994 мың теңге болған. Ақпан айындағы 1,6 миллион теңгеден төмендегенімен, былтырғы наурыз деңгейінен үштен бірге жоғары.
Зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер де осы үдеріске әсер етіп отыр. Атап айтқанда, қаражатты шешіп алу кезінде табыс салығы алынып тасталды. Есесіне ипотеканың пайыздық бөлігін зейнетақы ақшасымен жабуға тыйым салынды.
Қысқасы, ақпанда саябырсыған белсенділік наурызда қайта күшейді. Демек, қазақстандықтар зейнетақыдағы артық қаражатты баспанаға бағыттау мүмкіндігін әлі де маңызды қаржы тетігі ретінде көріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







