Қазақстанда зейнетақы төлемдері айтарлықтай өсті. Былтыр ел қазынасынан зейнеткерлерге жалпы сомасы 4 трлн 225 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде базалық зейнетақыға 1 трлн 368,4 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақыға 2 трлн 856,6 млрд теңге жұмсалған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елімізде зейнеткерлердің жалпы саны өткен жылы 2 млн 491 мың адамға жеткен. Орта есеппен алғанда әр зейнеткердің ай сайынғы зейнетақысы 143 143 теңгені құрады. Оның 95 549 теңгесі ынтымақты жүйе бойынша төленсе, 47 594 теңгесі базалық зейнетақы.
2025 жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшері инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға көтерілсе, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсіп, инфляциядан 2%-ға артық белгіленді.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңмен көтерудің бесжылдық жоспары іске асырылуда. Осыған орай 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының төменгі шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ынан 70%-ға дейін өсіп, 32 360 теңгені құраған. Ал жоғарғы шегі күнкөріс деңгейінің 110%-ына (50 851 теңге) жетті.
Биыл ше?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы тағы 10%-ға артты. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болса (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), жоғарғы деңгейі күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін өсіп, 60 005 теңгеге жетіп отыр.
Айта кетерлігі, базалық зейнетақының көлемі әр азаматтың еңбек өтілі мен жинақтау жүйесіне қатысу мерзіміне қарай белгіленеді. Еңбек өтілі жоқ немесе 10 жылдан аз азаматтарға күнкөріс деңгейінің 70%-ы ғана беріледі.
Ал еңбек өтілі әрбір 10 жылдан асқан жыл үшін базалық зейнетақы мөлшері тағы 2%-ға өседі. Мәселен, 20 жыл еңбек еткен адам күнкөріс деңгейінің 90%-ын алса, 30 жыл және одан көп еңбек еткендер ең жоғарғы мөлшердегі базалық зейнетақы алады.
Ынтымақты зейнетақының көлемі де екі көрсеткішке байланысты анықталады: біріншісі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі, екіншісі зейнеткерлікке шығар алдындағы орташа айлық табыс деңгейі. Осы екі көрсеткіш зейнетақының түпкі мөлшерін белгілеуде шешуші рөл атқарады.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Салық кодексіне қоғамның пікірін ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

