Қазақстанда зейнетақы жинақтарын алу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. 2026 жылдың наурызынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдерді проактивті түрде, яғни азаматтардың өтінішінсіз автоматты түрде рәсімдей бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өзгеріске сәйкес, зейнет жасына толған азаматтарға ерікті жарналардан жинақталған қаржыны алу үшін бұрынғыдай қосымша өтініш беру қажет емес. Енді ол негізгі зейнетақымен қатар автоматты түрде аударылады.
Жаңа тәртіп мына жағдайларда қолданылады:
- Мемлекеттік зейнетақы тағайындалған кезде;
- Міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем тағайындау барысында;
- Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша төлемдер рәсімделген жағдайда.
Яғни азаматтың негізгі зейнетақысы рәсімделген кезде оның ерікті зейнетақы жинағы да бірден автоматты түрде есепке алынып, бірге төлене бастайды.
Төлемнің мөлшеріне қарай екі түрлі тәртіп бекітілген:
- Егер ерікті жинақ сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса (2026 жылы бұл сома 828 588 теңгені құрайды), ақша бірден толық көлемде төленеді;
- Егер бұл сомадан көп болса, жинақ ақша негізгі зейнетақымен бірге ай сайын толық таусылғанша төленіп отырады.
Қажет болған жағдайда азамат БЖЗҚ-ға хабарласып, төлем тәртібін өзгерте алады.
Жаңа тәртіп кімдерге қатысты?
Проактивті форматтағы төлемдер мына азаматтарға қатысты қолданылады:
- Зейнет жасына толған және бұған дейін ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлем алмаған азаматтар;
- 50 жастан асқан азаматтар;
- Мүгедектігі бар адамдар.
50 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар ерікті жарна есебінен төлемдерді рәсімдеуді өздері де іске асыра алады. Ол үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетке, мобильді қосымшаға кіруге немесе қор бөлімшелеріне баруға болады.
Бұл өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын алу процесін жеңілдетіп, игерілмей қалған жинақтар тәуекелін азайтуды мақсат етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







