Атыраудан шыққан алаяқтар зейнетақы қорынан жүздеген миллиард теңгені жымқырған. Қылмыстық топтар ойлап тапқан айла таңдай қақтырады.
Бірнеше қалада жалған стоматологиялық клиникалар ашып, жалған медициналық құжат дайындаған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, алаяқтар БЖЗҚ салымшыларына «емделу үшін» ақшаларын шығарып беруді ұйымдастырған. Ол үшін қағаз жүзінде Атырау, Астана, Алматы, Ақтау секілді қалаларда отыздан аса стоматологиялық емхана ашқан.
Бірақ клиникалардың не ғимараты, не құрал-жабдығы, тіпті дәрігерлері де болмаған. Ұйымдастырушылардың өзінде де медициналық білім атымен жоқ.
Олар салымшылардың ақшасын шығарып беру үшін жалған құжаттар жасаған. Қызметі үшін зейнетақыдан шешкен соманың 10-20 пайызын сыйақы ретінде алып отырған. Қылмыстық схеманы іске асыруға 226 адам қатысып, «қолбаланың» рөлін атқарған.
«Жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асатын қаржы ұрланған. Қылмыстық топ мүшелері салымшылардың есебінен құны 600 миллион теңгеден асатын 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz, BMW, Porsche, Cadillac), брендті зергерлік бұйымдар, коммерциялық жылжымайтын мүліктер, қымбат пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қазір сол активтердің барлығы іздестіріліп жатыр», – деп мәлімдеді агенттік.
Қазір іске қатысты 59 тінту жүргізіліп, 10 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы белгіленіп жатыр.
ҚМА өкілдері зейнетақы қаржысын алған азаматтарға ешқандай шара қолданылмайтынын атап өтті. Қылмыстық жауапкершілік тек алаяқтық схеманың ұйымдастырушыларына қатысты болады.
Сондай-ақ агенттік тергеу барысында күдіктілердің құқығы толық сақталатынын, адвокаттар беріліп, тергеушілердің әрекетімен келіспеген жағдайда шағым түсіре алатынын да еске салды.