Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұр деп жазады Ertenmedia.
Ресей-Украин қақтығысының Каспий құбыр консорциумына (КТК) соққы болып тиюі алғаш рет емес. Украина тарапы үшін КТК Ресейдің мұнай инфрақұрылымының бір бөлігі, былайшы айтқанда заңды әскери нысан.
Киевтің есебі бойынша, Кремльдің экспорттық табысы азайса, басқыншылардың майдан даласындағы екпіні де бәсеңдейді. Алайда шын мәнінде бұдан Ресей емес, Қазақстан мен Батыс компаниялары зардап шегуде.
КТК арқылы әлемдік нарыққа Ресей мұнайы да шығатыны рас. Дегенмен оның үлесі тым аз. 2024 жылы консорциум құбырымен тасымалданған мұнайдың небәрі 15 пайызы ғана орыс өнімі болған. Өзгесі Қазақстанның Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі кенішінен шығатын шикізат. Кен орындарын игеруге ExxonMobil, Chevron, TotalEnergie, Eni, Shell сынды әлемдік алпауыттар жұмылған.
Әлгі үш кен орны қазақтардың барлық мұнай экспортының 80 пайызын құрайды. Ел бюджетінің жалпы экспорттық түсімінің шамамен 40 пайызы осы бағытқа тиесілі. Ал оның басым бөлігі әлемдік нарыққа Теңіз кенішінен басталып, Новороссийскіге дейін созылған КТК құбыры арқылы шығады.
Консорциумның иелері Қазақстан мен Ресей аумағында әрекет ететін, акционерлер құрамы күрделі екі компания: КҚК-К және КҚК-Р. Мұнда негізгі үлесті Батыстың мұнай-газ корпорациялары ұстап отыр. Қазақстанның үлесі 30 пайыз, Ресейдің «Транснефті» 24 пайызға иелік етеді. Қалғаны ресейлік және батыстық компаниялардың бірлескен кәсіпорындары.
КТК-нің негізгі мақсаты пайда табу емес, акционерлерге әлемдік нарыққа жол ашу. Құбырдың бүлінуі Мәскеу үшін бас ауру емес. Новороссийскіге мұнайды теміржолмен тасымалдау шығынын қоса есептегенде, Ресейдің жылдық жоғалтатыны шамамен 600–650 млн доллар. Ал Қазақстан мен шетелдек компаниялардың жылдық шығыны бұдан ондаған есе жоғары (27 млрд доллар).
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
Кейбір сарапшының пікірінше, Қазақстан «қара алтынды» Ресей аумағын айналып өтетін балама бағытпен экспорттайтын мүмкіндікті бұған дейін қарастыруы керек еді. Бірақ бұл айтуға ғана оңай…
Біріншіден, мұнай экспорты жөніндегі шешімді Тоқаев жалғыз өзі қабылдамайды. Әлемдік компаниялармен арадағы арнайы келісім аясында құбыр салу және мұнай тасымалдау мәселесін бірлесіп шешеді.
Екіншіден, Астана географиялық тұрғыдан қиын жағдайда тұр. Оңтүстік бағыт Өзбекстан мен Түркіменстанның өзінде мұнай жеткілікті болғасын, жабық күйінде қалып отыр. Парсы мен Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына шығудың тәуекелі. Құбыр тарту таулы жер бедері мен саяси қауіпке байланысты талай жыл бойы шешімін таппай келеді.
Шығыс бағытта Бейжіңмен арада бұрын салынған құбырдың қуаты күніне 400 мың баррелден аспайды. Бұған қосымша құбыр тарту қосымша инвестицияны талап етеді әрі Тоқаевты бір ғана сатып алушыға тәуелді етуі мүмкін.
Бакудың бос бөшкесі мен Құрықта қысылған мұнай
Ең тиімді балама Әзірбайжан арқылы Жерорта теңізіне жету. Баку-Тбилиси-Жейхан құбырында әзірбайжан мұнайының көлемі азайып, бос орын пайда болғанымен, ол Қазақстанның барлық экспорт көлемін қамти алмайды. Бұған қоса, мұнайды Бакуге жеткізу үшін Ресей аумағын айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы жеткізу қажет.
Қазақтарда бұған қажетті танкер саны шектеулі, Құрық порты күніне 200 мың баррелден артық жөнелте алмайды. Каспий теңізінің табанымен Әзірбайжанға құбыр тарту жобасы техникалық тұрғыдан күрделі әрі қымбат. Мұндай жобаны едел-жедел іске асыру мүмкін емес.
КТК-дағы проблемалар Қазақстанға ғана емес, сол елде жұмыс істейтін батыстық компанияларға да ауыр тиуде. Айталық, Chevron үшін Қазақстандағы мұнай өндірісі оның әлемдегі көлемінің 20 пайызын құрайды.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, Украинаға бүйрегі бұратын елдердің үкіметі мен мұнай-газ компаниялары Киевті шабуылды тоқтатуға көндіріп көреді.
Киевтің әрекеті ұлттық мүддесін қорғауда іштеңеден тайынбайтынын көрсетудің бір амалы. Зеленский соғыстың зардабын Украина ғана емес, басқа елдер де сезінуі тиіс деп есептейтін тәрізді. Бірақ әлгі стратегия ақыр соңы Киевке қолдайтын елдердің соғысты тез аяқтау үшін Зеленскийге қысым көрсетуіне әкелуі ғажап емес.
Ескерту: мақала Карнеги орталығының зерттеуі негізінде әзірленді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Orda, ҚазТАГ және сөз еркіндігі: министрлік сот ісінің әділдігіне кепілдік бермек

