Қартайғанда қоғамнан оқшауланып, қарым-қатынасты азайту есте сақтау мен ойлау қабілетін айтарлықтай төмендетеді. Сент-Эндрюс университетінің ғалымдары осындай ұйғарымға келді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғылыми зерттеу нәтижесі The Journals of Gerontology: Series B журналында жарияланды.
Мамандар 14 жыл бойы АҚШ-тағы 30 мыңнан астам ересек тұрғындар тапсырған 137 мыңға жуық когнитивтік тест нәтижесін талдаған. Зерттеуде қоғамнан алшақ өмір сүріп, түрлі клубтар мен қоғамдық іс-шараларға қатыспаған адамдардың есте сақтау қабілеті жылдам төмендейтіні анықталды.
Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс жалғыздық сезімімен тікелей байланысты емес. Шешуші рөлді әлеуметтік ортада белсенді болу және тұрақты қарым-қатынас жасау атқарады. Мұндай оң әсер адамның жынысына, біліміне және әлеуметтік деңгейіне де тәуелді емес.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қоғаммен үнемі байланыста болып, белсенді араласқан адамдар когнитивтік қабілетін ұзақ уақыт бойы тұрақты деңгейде ұстап тұрған.
Қазіргі таңда деменция ауруының көбеюі мен оны тиімді емдеудің нақты әдістері жоқ екенін ескерсек, алдын алу жұмыстарының маңызы артып отыр. Ғалымдар егде жастағы адамдардың белсенді әлеуметтік өмір сүруіне жағдай жасап, қоғаммен араласуын қолдау – ми саулығын сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі деп санайды.

