Қонаев қаласындағы №6 жағажайда 40 бизнес орны жалға берілген. Сенімгерлік басқарушы компания мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалып, олардың міндеттемелері айқындалған. Алайда, тұрғындар мен қала қонақтары тарапынан күтіп ұстау мен санитарлық жағдайға байланысты көптеген сұрақтар туындауда. Осыған байланысты қала әкімдігі мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Ertenmedia.
Келісімшарттың 3-тармағында тараптардың құқықтары мен міндеттері жазылған. Оның ішінде күтіп ұстау бойынша жалға алушының міндеттері:
* Жағажайды абаттандыру мен санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, келісімшартқа сәйкес шаруашылық қызметін жүргізу;
* Күн сайын аумақты тазалау – киім ауыстыратын орындар, дәретханалар, жасыл аймақтар;
* Жалға алынған аумақты жарықтандыру;
* Қоқыс жәшіктерін су жиегінен кемінде 20 метр қашықтықта, әр 60 м² аумаққа бір қоқыс жәшігі есебімен орнату;
* Қауіпсіздік талаптарын сақтау (оның ішінде – ақпараттық баннерлер, жалаушалар және т.б. орнату);
* Кемінде 2 санитайзер орнатып, тапшандарды, орындықтарды, жабдықтарды күніне екі рет дезинфекциялау.
ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, жағажайда сенімгер басқарушы компания тарапынан 45 қоқыс жәшігі мен 10 контейнер орналастырылған. Тазалық жұмыстарына күнделікті 30 адам, 2 арнайы техника жұмылдырылуда. Аумақта 3 әжетхана орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камералары қойылған, 10-нан астам құтқарушы қызмет етеді. Ал медицина қызметкерлерінің саны — 2-еу. ТЖБ мен Полиция басқармасының мамандары тұрақты түрде патрульдеу жүргізуде.
Ал №5 жағажайға келсек, мұнда 6 әжетхана (28 бөлме), 12 орындық 5 жуынатын жер, 6 киім ауыстыратын орын (12 бөлме) бар. Аумақта 30 дана қоқыс жәшігі мен 40 бөшке, 25 дана қоқыс контейнерлері орналастырылған. Бұл жағажайда жасанды интеллектімен жұмыс істейтін бейнебақылау камералары қойылған.