Freedom Holding Corp иесі Тимур Турлов ҚазТАГ агенттігімен арадағы даудың себебі мен салдарын алғаш рет кеңінен түсіндірді, деп жазады Ertenmedia.
Журналистермен кездесуде Турлов соңғы уақытта компания жайлы сыни материалдың саны күрт көбейгенін, әрі олардың басым бөлігі журналистиканың бейтараптық қағидасына қайшы келетінін айтты.
«ҚазТАГ-тың біз туралы тәулігіне 12 материалдан жазуының нақты себебін айту қиын, түрлі болжам жасауға болады. Әрине біз ешкімге түгел ұнауға міндетті емеспіз. Әркімнің өз пікірін айтуға құқы бар. Бірақ бұл сыни көзқарас емес, көбіне жалған деректер. Фактілерді бұрмалау журналистика емес, ол жала жабу», – деді Тимур Турлов.
Оның сөзінше, ҚазТАГ жариялаған материалдарда шындыққа мүлде сай келмейтін мәліметтер өте көп кездеседі.
«Біреу сен туралы әдейі өтірік айтып, жалған дерекке негізделген кампания бастаса, не істеуге болады? Сондықтан біз заң аясында барлық құжат пен дәлелді жинап отырмыз. Біз дауға заңды жолмен ғана жауап береміз», – деді кәсіпкер.
Турлов сондай-ақ бұл мәселеге көз жұма қарай алмайтынын атап өтті.
«Кез келген адам ақша төлеп, жалған ақпарат таратып, оған ешкім ештеңе істей алмайды деген ұстаным болмауы керек», – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, ақпарат алаңындағы мұндай әрекеттер жалпы бизнес-климатқа үлкен зиян келтіреді.
«БАҚ арқылы бір-бірімен қырқысып, есеп айырысу біздегі кейбір элита өкілдерінің үйреншікті стиліне айналып барады. Бірақ одан бәсекелесің ғана емес, бүкіл сала мен ел абыройы түседі. Нәтижесінде бизнеске, мемлекетке деген сенім азаяды», – деді ол.
Турлов 2019 жылдан бері Freedom Holding-ке қарсы ақпараттық шабуылдардың тоқтамай келе жатқанын атап өтті.
«2019 жылдан бері бізге қарсы компроматтық сайттар ай сайын 100–150 материал жариялайды. Іздеу жүйесіндегі нәтижелерге де әсер етуге тырысып отыр. Осыншама уақыт бойы мұндай шабуылдарды кімнің жүргізіп отырғаны белгісіз. Осы аралықта елде басшылар да, президент те ауысты», – дейді бизнесмен.
Тимур Турлов сөз соңында компания өз мүддесін заң аясында қорғауды жалғастыратынын, бірақ ақпараттық соғысқа араласпайтынын жеткізді.
Істің түп төркіні биылғы сәуірге барып тіреледі. Сол кезде KazTAG ақпарат агенттігі ондаған материал жариялап, «Фридом Финансты» «салымшылардың ақшасын жоғалтуға себеп болды» деп айыптаған. Артынша брокерлік компания өкілдері бұл мәлімдемелерді «жоспарлы түрде жасалған жалған ақпарат пен PR-шабуыл» деп бағалады.
Олардың пікірінше, KazTAG-тың түпкі мақсаты «Фридом Финансты» заңсыз жолмен «ымыраға» көндіру болған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
«Фридом Финансқа» қарсы «қара PR»: Алматы полициясының тергеуі тұралап тұр

