Биыл 1 шілдеден бастап еліміздегі орман және табиғатты қорғау саласында еңбек ететін қызметкерлердің табысы едәуір өседі.
Олжас Бектенов қол қойған тиісті қаулыға сәйкес, сала мамандары лауазымдық жалақыларына қосымша үстемеақы ала бастайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулыға өзгерістер енгізді. Осылайша орман және табиғат қорғау ұйымдарындағы еңбекақы шарттарын қайта қарады.
Құжат орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру құрылымдарының қызметкерлеріне 100 пайызға дейін үстемеақы төлеуге мүмкіндік береді.
Қосымша ақы алатындар қатарында орман өртін сөндірушілер, арнайы техниканың жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру техникасын жөндейтін слесарьлар мен өрт-бақылау мұнараларындағы бақылаушылар бар. Сонымен бірге авиациялық күзет құрамында қызмет атқаратын 113 өрт сөндіруші-десантшының да жалақысы өседі.
Қаулыны іске асыру үшін 2024–2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8,48 млрд теңгеден астам қаражат бөлу көзделген. Нәтижесінде 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылады.
Ал жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі орман өрт сөндіру стансаларының 1619 қызметкеріне үстемеақы жергілікті бюджет есебінен төленбек.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаты Ольга Булавкина Үкімет басшысына жолдаған сауалында «Семей орманы» резерватының Бородулиха филиалындағы жағдайды көтерген. Сол кезде Премьер-министр орман және табиғатты қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесі жеке бақылауында екенін айтып, тиісті қаулы жобасы дайын екенін мәлімдеген еді.

