Әлемжеліде Kaspi Pay аккаунтын «жалға алуға» ұсыныс жасайтын алаяқтар көбейді. Олар кәсіпкерлерге оңай табыс табуға уәде береді. Шындығында, алаяқтар аңғал азаматтарды қылмыстық схемаға араластырып, серіктес етіп шығарады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Схема қалай жұмыс істейді?
Алаяқтар Kaspi Pay аккаунты бар кәсіпкерлерге «жалға алу» туралы ұсыныспен шығады. Олар «барлық салықты төлейміз, сізге табыс түсіп тұрады» деп сендіреді. Бұған сенген адам алаяқтарға өз аккаунтын пайдалануға береді.
Олар жалға алған Kaspi Pay аккаунты арқылы түрлі маркетплейстерге тауарларды өте арзан бағамен сата бастайды.
Сатып алушылардан алдын ала төлем алады да, тауарды жібермейді. Шындығында ондай тауар жоқ. Яғни, олар сіздің атыңыздан адамдарды алдап-арбайды.
Неге өздерінің Kaspi Pay аккаунтын ашпайды?
Өйткені өз аккаунтын пайдаланса, алаяқтар тез анықталады. Сондықтан олар басқа адамның атын жамылады. Әдетте алаяқтар «өзіміздің ЖК есепшотымыз уақытша бұғатталған», «ҚҚС шегінен асқымыз келмейді» дегендей сенімді әрі қисынды сылтау айтады.
Бұл неге қауіпті?
Біріншіден, алаяқтар сіздің атыңызға үлкен салық қарызын жинап беруі мүмкін. Бұған ұқсас жағдайлар туралы қазақстандық БАҚ жиі жазып жүр.
Екіншіден, сіз автоматты түрде алаяқтардың серіктесіне айналасыз. Зардап шеккен азаматтар полицияға шағымданғанда, бірінші сізді табады. Демек, қылмыстық іске қатысушы ретінде жазаға тартылуыңыз әбден мүмкін.
«Мен алаяқтыққа қатысқанымды білмедім, сондықтан жауап бермеймін» деп ақталуға бола ма? Жоқ. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Ешқашан және ешбір жағдайда Kaspi Pay немесе басқа да банк аккаунттарыңызды бөтен адамға бермеңіз. Аккаунтты «жалға алу» туралы кез келген ұсыныс заңсыз әрі қауіпті.
Айта кетейік, қазір Kaspi.kz қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» атты ақпараттық науқан өткізуде. Науқан аясында алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы видеороликтер дайындалды. Роликтер екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасында жарияланып отырады.