Журналист Михаил Козачков Алматы қаласындағы №10 қалалық емхананың бұрынғы директоры төңірегіндегі істі Фейсбукте тарқатып жазды. Оның айтуынша, «Қалалық поликлиника №10» мекемесінің басшысы болған Гүлнар Қалибекова екі жекеменшік лабораториямен келісіп, мемлекет есебінен жасалмаған талдаулар үшін ақша төлеткізген. Схема қарапайым болған. Жүйеде бар сияқты боп көрінетін, бірақ шын мәнінде пациентке жасалмаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Козачков келтірген дерекке сүйенсек, Қалибекова өткен жылдың көктемінде директор болып тағайындалған. 2025 жылдың басында емхана «АкваЛаб» ЖШС және «OpenHealthcare Kazakhstan» ЖШС компанияларымен диагностикалық және лабораториялық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасайды.
Бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында бюджет есебінен төленуі тиіс. Яғни, пациентке жасалған әр талдау «DamuMed» электрондық жүйесінде көрінуі керек.
Іс жүре келе электрондық база мен шынайы жағдай арасында алшақтық байқалған. Жүйеде кейбір пациентке қымбат әрі сирек жасалатын талдаулар тіркелген, ал іс жүзінде ол адам ондай тексеруден өтпеген болып шығады.
Соған қарамастан, мемлекет сол «жасалды» деп көрсетілген қызмет үшін ақша төлейді.
Журналистің жазуынша, дәл осы жерде емхана басшысы лаборатория өкілдеріне «ұсыныс» жасап, талдаулар санын қағаз жүзінде жоғары қылып көрсетеді. Ал директор бюджеттен түскен қаражаттың 15 пайызын қолма-қол қайтарып алып отырыпты.
Нәтижесінде Қалибекова «АкваЛабтан» да, «OpenHealthcare Kazakhstan»-нан да қомақты конверттер алып отырған. Кезекті ақша алған сәтте оны құқық қорғау органдары ұстап, кейін сотқа береді.
Іспен бірге «АкваЛаб» компаниясының өңірлік директоры Меруерт Баймұхамбетова да жауапқа тартылған. Екінші лаборатория өкілінің қайда кеткені нақты айтылмайды, Козачковтың болжамынша, ол куәгер ретінде өткен болуы мүмкін.
Сотта Қалибекова да, Баймұхамбетова да кінәсін толық мойындап, түрмеге жаппай, айыппұл салумен шектелуді сұраған. Сот солай шешім қабылдады. Бұл үшін экс-директор мемлекетке 65 миллион теңгеден сәл асатын сома төлеуі керек. Ал лабораторияның өңірлік директоры шамамен 24 миллион теңге айыппұл төлейді.

