Кентаудағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде жаңа жыл түні газ жарылды.
Салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған. Зардап шеккендердің екеуі әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар жеткенше ғимаратты ашық жалын шарпып үлгерген. Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қызыл жалынды толық өшірген.
Оқиға болған кезде кафеде жаңа жыл мерекесі аталып жатқан. Қазір полиция жарылыстың нақты себебін анықтауға кірісті. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа жыл түні құтқарушылар ел аумағында 200-ден аса шақыртуға шыққанын хабарлаған болатынбыз. Соның ішінде 91-і өрт болса, қалғаны апаттық және іздеу-құтқару жұмыстары. Жалпы саны 200-ден аса адам эвакуацияланды, оның 30-ы балалар.

