Жамбыл облысында соңғы айларда болған оқиғалар «Заң мен Тәртіп» бастамасының шынайы жағдайын айна-қатесіз көрсетіп берді. Президент Тоқаевтың бастамасы елді тәртіпке шақыру үшін жарияланғанын білеміз. Бірақ Әулиеата өңірінде ол жоба тек қағаз бетіндегі ұран болып қалған сияқты.
Шілде айында Тараздың іргесіндегі Сарыкемер ауылында әлдекім медициналық мекемеде дәрігерге травматикалық қарудан оқ атқан болатын. Сол кезде Ertenmedia.kz ақпараттық порталы мәселе көтергенде әкімдікке бүйрегі бұрып тұратындар әлеуметтік желіде «Сарыкемердегі бұл оқиға тұтас облыстағы криминогендік ахуалға жауап бере алмайды» деп өре түрегелген еді.
Әрине, мәселе бір оқпен шектелмеді. Бұдан кейін Мойынқұмда жастардың бір-біріне қару кезеніп, оқ атқаны көпшіліктің есін елең еткізді. Бұл кездейсоқтық емес, құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстарының әлсіздігін ашып бергені анық. Қарапайым халық «Заң мен Тәртіп» дегенде тыныштықты, қауіпсіздікті күтсе, жамбылдықтар қолына қару ұстаған жастардың «шоуын» көруге мәжбүр болды.
Одан кейінгі «детектив» тіпті қызық. Жай бір жол инспекторы депутаттың ұлын тоқтатады, ұл әкесіне шағынады, ары қарай облыстық деңгейдегі шенеуніктердің аты аталып, екі айға созылған тексерістер басталады. Ақыры немен аяқталды? Облыстық полиция бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев қызметінен шеттетіліп, қамауға алынды. Көп ұзамай Талас аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркен Абаев ұсталды. Қысқасы, облыстық ІІД басшылығы «кадрлық лотереяға» түскендей, бірінен соң бірі құлап жатыр.
Мұндай жағдайдан кейін қарапайым халық ойланбай қайтсін? Егер жоғарыдағы басшылардың өзі күдікке ілінсе, қарапайым инспектордың күні не болады? Бұл сұрақтың жауабы әзірге ашық күйінде қалуда.
Бұл оқиғаның саяси салдары Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің жағдайын қиындатып тұрғаны анық. Жергілікті шенділер өңірдегі криминогендік ахуалға назар аудармай, мәселені жеңілдетуге тырысқан сайын, орталық биліктің шыдамы азайған сыңайлы.
Президент бастамасы өңірде жүзеге аспаса, әкімнің «орындығының» мықтылығына ешкім кепілдік бермейді. Кез келген уақытта әлеуметтік желіде пікір ұйымдастыруға болады. Бірақ ертең кадрлық шешім қабылдайтын кезде «жазғыш аккаунттар» сылап сипаған әңгімесі басшылыққа алынбайтыны анық.
Жамбылдағы қылмыстық ахуалдың ушығуы облыс әкімінің мансабына қойылған үлкен сұрақ белгісі. Егер ахуалды оңалта алмаса, Ербол Қарашөкеевтің саяси қызметі ұзаққа бармайды. Халықтың сенімін жоғалтқан жерде әкімнің де салмағы қалмайды, ал жоғарғы билік мұндай жағдайды ұзақ күтпейді. Саяси сахнада «Заң мен Тәртіп» орнатудың орнына, «хаос пен үнсіздікті» таңдаған басшыға көп мүмкіндік берілмесі анық.