Қазақстанда қоғамдық орында бетін жасырғандар енді алдымен ескерту алып, одан кейін айыппұл төлейтін болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заң нормасының діни не әлеуметтік сипаттағы киімге қарсы емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен тұлғаны тануға бағытталғанын ерекше атап өтті.
«Заң нақты бір киім түріне тыйым салмайды. Тек бетті толық жауып, адамды тануға кедергі келтіретін киімге қатысты шектеу енгізілді. Бірінші жолы азаматқа ресми ескерту беріледі. Екінші рет заң бұзылса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», – деді вице-министр.
Жаңа тәртіпке бағынбағандар 2-3 айдан бері анықталып жатыр. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігімен бірлесіп статистика жиналуда.
Ысқақов заң нормасының кәсіби қызметіне немесе қауіпсіздігіне байланысты бет-жүзін жауып жүруге міндетті адамдарға қатысы жоқ екенін нақтылап берді.
Мысалы, курьерлер, коммуналдық қызметкерлер мен спортшылар маска немесе арнайы шлем тағып жүре алады. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығы немесе жеке бас қауіпсіздігі мақсатында бетін жабуға мәжбүр адамдарға ешқандай айып тағылмайды.
«Қызметтік міндетін орындап жүрген азаматтарға бұл тыйым жүрмейді. Арнайы бас киім киетін спортшылар мен коммуналдық қызметкерлер де заңмен қорғалған», – деп түйіндеді Ысқақов.
Айта кетелік, бұған дейін министрлік өкілі әлемжелідегі жалған имамдар туралы пікір білдірген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







