Қазақстанда жаңа жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы мөлшері біршама өсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Былтыр желтоқсанда президент Тоқаев қол қойған «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, елдегі негізгі әлеуметтік төлемдер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттырылды.
Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңгеге дейін көтерілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3932 теңге болған. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құраса, ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге жетті. Өткен жылғы көрсеткіштер сәйкесінше 32 360 және 62 771 теңге болған еді.
Елдегі күнкөріс деңгейінің ең төменгі мөлшері де артты. Биыл ол 50 851 теңге деңгейінде белгіленді. Өткен жылғы көрсеткіш 46 228 теңгені құраған болатын. Ал ең төменгі жалақы көлемі өзгерген жоқ, бұрынғы 85 мың теңге күйінде қалды.
Бұдан бөлек…
Жаңа жылдан бастап мемлекет тарапынан төленетін түрлі әлеуметтік жәрдемақылардың да көлемі өсті.
Мәселен, бірінші, екінші және үшінші баланың тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы биыл 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге көтерілді. Ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге артты.
Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы төлем де ұлғайды. Мысалы, төрт баласы бар отбасының ай сайынғы жәрдемақысы енді 63 030 теңгенің орнына 69 330 теңге болса, он баласы бар отбасылар үшін айлық жәрдемақы 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін көтерілді.
Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы мөлшері де айтарлықтай өзгерді. Бірінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы енді 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін көбейді. Екінші топтағы азаматтарға берілетін төлем 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге, ал үшінші топ үшін жәрдемақы 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге көтерілді.
Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты елдегі айыппұлдар мен кейбір қызметтер құны да 10 пайызға қымбаттады. Соның бірі автокөлікке арналған VIP нөмірлердің бағасы. Біз туралы қызықты материал ұсынған едік.
Бұған қоса, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылына қарай берілетін зейнетақы төлемдері де жаңа жылдан бастап 10 пайызға артты. Сонымен қатар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) төленетін жарна мөлшері 2 пайыз деңгейінде бекітілді.
Аталған өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруді көздеп отыр.

