Қазақстанда екінші тоқсанның соңына қарай электр энергиясының тарифтері өсуі ықтимал. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет брифингінде осындай болжам айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Есімхановтың айтуынша, энергетика министрлігіне тарифті қайта қарау туралы компаниялардан өтініштер келіп түсуде. Оған себеп саладағы шығындардың артуы.
«Электр энергиясын өндіру тарифін министрлік реттейді. Былтыр да, биыл да тарифті көтеру бойынша ұсыныстар келіп жатыр. Бұл белгілі бір шығындардың өсуімен байланысты», – деді ол.
Вице-министр тарифтің ықтимал қымбаттауына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын жеткізді:
- газ бағасының өсуі (қазіргі тарифте әлі толық есептелмеген);
- жылу электр орталықтары үшін судың екі есеге дейін қымбаттауы;
- сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажеттілігі.
Дегенмен…
Есімханов компаниялардың барлық ұсынысы бірдей қабылданбайтынын айтты. Мәселен, көмір бағасының өсуі туралы уәждер расталмаған, өйткені «Богатырь Көмір» кәсіпорнында көмірдің бағасы өзгермеген.
«Екінші тоқсанның соңына қарай қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін», – деп толықтырды ол.
Сонымен қатар вице-министр 1 сәуірден бастап аяқталған жанармай бағасына қатысты мораторий туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, жанар-жағармай күрт қымбаттамайды.
«Бағаның бірден өсуі күтілмейді. Біздің көршілес елдердегі жанармай құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан ішкі нарықтағы баға біртіндеп сол деңгейге бейімделеді, бірақ күрт қымбаттау болмайды», – деді вице-министр.
Энергетика министрлігі барлық тарифтік ұсыныстардың мұқият тексерілетінін, тек содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданатынын ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







