С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей театрлары қатысып, көрермендерге заманауи мәнерде қойылған әсерлі спектакльдер ұсынылды.
Фестиваль қазылар алқасының төрағасы — Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов болды. Қазылар алқасының құрметті мүшесі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай.
Фестивальдің ашылуында Тұңғышбай Жаманқұлов: «Жанат Хаджиев атындағы фестиваль – жас және тәжірибелі режиссёрлер еркін пікір алмасып, жаңа формалар іздейтін, көрерменге шабыт сыйлайтын ортаға айналды. Бұл — дәстүр мен жаңашылдық түйісетін театр мерекесі», — деп атап өтті.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өз сөзінде фестивальдің маңыздылығына тоқтала келіп: «Бұл фестиваль өңіріміздегі театр өнерін дамытудағы рөлін айқын дәлелдеді. Ол жаңа есімдерді ашып, елдер арасындағы мәдени диалогты қалыптастырып, Жанат Хаджиевтің шығармашылық мұрасын жалғастыруда» деді.
Қазылар алқасының құрамы:
- халықаралық театр фестивальдерінің қазылар алқасы мен сараптамалық кеңестерінің мүшесі, театр сыншысы, өнертану кандидаты Екатерина Морозова (ГИТИС, Мәскеу);
- халықаралық театр фестивальдерінің сарапшы-қазылар алқасының мүшесі, театртанушы, өнертану кандидаты Айсылу Сагитова (Уфа, Башқұртстан);
- атақты театр суретшісі Қанат Мақсұтов;
- Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, PhD докторы, театртанушы Мадияр Сарыбай.
Фестиваль жеңімпаздары:
- Үздік спектакль — «Өз отыңды өшірме» қойылымы, «Дариға-ай» жастар театры (Семей), реж. Мейрам Хабибуллин.
- Үздік ансамбль — «RE:Обломов», Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры (Теміртау), реж. Антуан Дукравец.
- Үздік әйел рөлі — Айзада Абдыкалыкова мен Жәмилә Келдібаева («Stage 705» театры, Бішкек, Қырғызстан), «Ай-Булут» спектаклі.
- Ұлы Отан соғысы балалар көзімен — «Менің ленинградтық балалығым», «Мамин театр» (Мәскеу), реж. Василиса Галсанова.
- Үздік көркемдік шешім — «Тазының өлімі», Т. Ахтанов ат. облықтық драма театры (Ақтөбе), реж. Мейрам Хабибуллин.
- Қазіргі кезеңнің заманауи көзқарасы үшін — «Толқындар жағалауда өледі», Махамбет атындағы академиялық драма театры (Атырау), реж. Жанат Телтаев.
- Үздік әйел рөлі (екінші планда) — Дильназ Қиятова (Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы театр), «Пері қатын» спектакліндегі Балауса бейнесі.
- Үздік ер рөлі (екінші планда) — Рамазан Камешов (Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театр), Иван Кузьмич Щепкин рөлі (Орал).
Сонымен қатар, тәуелсіз «Жас сыншылар сыйлығының» лауреаты болып Ақтөбе театрының режиссері Мейрам Хабибуллин атанды.
Фестиваль ұйымдастырушысы-С. Қожамқұлов атындағы театрдың директоры Досхан Сәкеннің айтуынша, фестивальдің басты мақсаты — жас режиссёрлер мен театр ұжымдарын қолдау, мәдени байланыстарды нығайту және Жанат Хаджиевтің мұрасын жалғастыра алатын жаңа есімдерді таныту.