Қазақстанда жаңа салынған үйден пәтер сатып алушыларға қойылатын талап күшеймек. Ұлттық банк құрылыс компанияларының «сұр схемасына» тосқауыл қою үшін дольщиктерге тек банк арқылы төлем жасауды міндеттемекші, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында Ұлттық банк жариялаған жаңа құжат жобасында айтылған. Енді салынып жатқан көппәтерлі үйлерден немесе жеке тұрғын үй кешенінен үлес сатып алу үшін төлем тек банк арқылы жүзеге асады. Қолма-қол ақша айналымына тыйым салынады.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты тұрғындарды алаяқтар мен заңсыз құрылыс компанияларынан қорғау.
Ақпан айында осы мәселеге Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин егжей-тегжейлі тоқталған болатын. Министрдің айтуынша, жаңа тәртіп саланы ашық әрі таза ету үшін жасалып отыр.
Құжат жобасына сәйкес, сатып алушы төлем жасар алдында банктік аударымда арнайы төлем мақсатының кодын (КНП) және келісімшарттың тіркеу нөмірін көрсетуге міндетті.
Банктер өз кезегінде құрылыс компаниясының рұқсат құжаттарын тексереді. Егер құрылыс салушының ресми рұқсаты болмаса, банк төлемді қабылдамайды.
Құжатта тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қатысты тағы бір маңызды норма бар. Енді төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға төленген қаржы банктер, коллекторлар немесе басқа да несие берушілер тарапынан тәркіленбейді. Бұл азаматтардың төтенше жағдай кезінде алған көмегі толықтай өз қолына тиеді деген сөз.
Заң жобасын талқылау 15 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін үлескерлердің 5,5 миллиард теңгесін жинап алып, пәтерлерін тапсырмай кеткен құрылыс компаниясының басшысы сотталған еді. Жаңа заң осындай жағдайларды болдырмау үшін қабылданып отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл бір жағынан құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтеді, екінші жағынан азаматтардың қаражатын сақтап, құрылыс саласының «көлеңкеден» шығуына жол ашады.