Қазақстанда жаңа Салық кодексінің талаптарына байланысты интернет-агрегаторлар мен маркетплейстердің жұмысына түбегейлі өзгеріс енуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин төрағалық еткен жобалық кеңсенің отырысында бизнес пен мемлекеттік органдар арасында қызу пікірталас туындады.
Негізгі дау өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салығын кім төлеуі керек деген мәселеге келіп тірелді: платформалар ма, әлде курьерлер мен жүргізушілердің өздері ме?
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, жаңа кодекс платформалардың барлығын да салық агенті болуға міндеттейді. Бұрынғы кодексте қарастырылған P2P моделі (төлем тікелей клиент пен орындаушы арасында, платформа тек қызметті байланыстырады) ерекше жағдайда еді. Енді ол алып тасталған. Палата өкілдері бұл талаптың енгізілуі қызмет бағасының күрт қымбаттауына әкеледі деп отыр.
Жаркенов не дейді?
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, транзакциялық модельге толық көшу жылына қосымша шамамен 4 пайыз әлеуметтік төлемдер мен банк комиссияларын талап етеді. Нәтижесінде қызметтердің бағасы өсуі мүмкін.
«Қазір нарықта екі модель бар: төлемді платформа арқылы жүргізетін транзакциялық модель және төлем пайдаланушылар арасында тікелей жүзеге асатын P2P моделі. Бұрын P2P моделіне арнайы жағдай қарастырылған еді, жаңа кодекс оны алып тастады. Бұған дейін курьерлер мен жүргізушілер салықты өздері төлеп келді. Жаңа тәртіп оларға қосымша ауыртпалық әкеледі», – дейді Тимур Жаркенов.
Қаржы министрлігі бұл пікірмен келіспейді…
Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттің мақсаты ақша айналымын барынша цифрландырып, салық әкімшілігін нығайту. Оның пікірінше, бұрынғы тәртіпке қайта оралу салық төлеудің ашықтығын азайтып, әлеуметтік төлемдердің түсуіне кері әсер етеді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де қазіргі тәртіпті сақтауды қолдайды. Вице-министр Бақтияр Жазықпаевтың келтірген мәліметіне сәйкес, платформалық жұмыспен қамту арқылы осы уақытқа дейін әлеуметтік қорға 3,7 миллиард теңге көлемінде зейнетақы аударымы түскен.
Үкімет бизнестің қызмет бағасы қымбаттайды деген уәжіне қарамастан, жаңа кодекстің негізгі ережелерін өзгертуден бас тартты. Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға «Атамекенмен» бірлесе отырып, кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің басқа жолдарын қарастыруды тапсырды. Мәселе бойынша нақты ұсыныстар дайын болған соң, жобалық кеңсе отырысында қайта талқыланатын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







