Бүгін Жаңаөзен қаласында заманауи үлгідегі «Bolashaq Saraiy» оқушылар сарайы ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Балалар мен жастардың дамуына арналған жаңа орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бахытжан Таубаев, қалалық мәслихат депутаттары, педагогикалық еңбек ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Жаңа орталықта шығармашылық, ғылым және спортпен айналысу үшін заманауи зертханалар, ІТ кабинеттер, телестудия, әртүрлі шеберханалар, «Жас құтқарушы» кабинеті, акт залы және балаларға арналған коворкинг аймағы бар. Нысан жоғары технологиялық құрылғылармен, компьютерлік техникалармен және барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жалпы аумағы 3000 шаршы метрден асатын бұл ғимарат күніне 1500 оқушыны қабылдай алады.

Жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Ak Su KMG» ЖШС демеушілігімен жүзеге асырылды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай оқушылар сарайының маңыздылығына тоқталды.
– Bolashaq Saraiy оқушылар сарайы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына, қабілеттерін шыңдауға және сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Оқушылар бос уақытын осы орталықта тиімді өткізе алады. Жобаға демеушілік жасаған компанияларға алғысымыз шексіз. Бұл білім ордасынан елдің болашағын қалыптастыратын, бәсекеге қабілетті жастар тәрбиеленіп шығады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында орталыққа балаларды тасымалдауға арналған жаңа шағын автобустың кілті табысталды.

Сондай-ақ облыс басшысы түрлі салада жетістіктерге жетіп жүрген Жаңаөзен жастарын арнайы марапаттады. Робототехника, шығармашылық және спорт бағыттарында республикалық, халықаралық және облыстық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен жастар мен Жаңаөзен қаласының футбол командасының мүшелері облыс әкімінің алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды.
Маңғыстау облысы биылғы 11 айда экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп, маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда көш бастап келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







