Маңғыстау облысында бой көтерген теңіз суын тұщыту зауыты Жаңаөзен қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ете бастады деп жазады Ertenmedia.
Осылайша өңірде көптен бері өзекті болып келген ауыз су мәселесі оң шешімін тауып, Астрахан – Маңғышлақ магистральді су құбырының да жүктемесі біршама азаяды.
Президент Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған ауқымды әлеуметтік жобаны «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып отыр.
Қазірдің өзінде зауытта тәулігіне 12 500 текше метр су өндіретін алғашқы өндірістік желі іске қосылды. Қазан айына дейін бұл қуатты тәулігіне 50 мың текше метрге дейін арттыру көзделген.
Алғашқы зертханалық сынамалар судың санитарлық-гигиеналық нормаларға толық сәйкес келетінін растады.
Теңіз суы зауытта бірнеше кезеңнен тұратын тазарту мен тұщыту процесінен өтеді. Дайын ауыз су ұзындығы 100,7 шақырымдық су құбыры арқылы Жаңаөзендегі орталық сумен жабдықтау торабына жеткізіледі.
Жаңа нысанға сапарлап барған «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және мұнай-газ саласының ардагерлері тұщытылған теңіз суының дәмін алғаш болып татты.
Кендірлідегі бұл зауытта жалпы саны 91 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс барысында нысанда бір мезетте 650 адам жұмыс істеген.
Фото: ҚазМұнайГаз