ҚР Су ресурстары және ирригация министрі — Нұржан Нұржігітов «Jibek Joly» телеарнасындағы «УӘДЕ» бағдарламасына сұхбат берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Министрдің айтуынша, ол 2023 жылдың желтоқсан айында блогер Алтай Айнабекпен кездесіп, оның ұсынған технологиясымен танысқан.
«Біріншіден, айтылған 2 млрд 600 млн текше метр су — арнайы гидропосттардан өткен су. Суды өлшейтін арнайы құралдар бар. Бірақ сол судың Аралға жетуі үшін оны реттеу қажет, дұрыс бөлу керек. Сондықтан бұл — нақты дерекке негізделген көрсеткіш» — деді министр.
Министр кез келген жаңа технология немесе әдістеме ғылыми негізде дәлелденуі тиіс екенін атап өтті.
«Екіншіден, мен ол жігітпен таныспын (Алтай Айнабек). 2023 жылдың желтоқсан айында ол менің қабылдауымда болды. Өз жобасын таныстырды. Сол кезде мен оған: «Бірінші өз әдісіңді көрсет, дәлелде», — деп айттым. Жұмыстар жүргізілгеннен кейін біз: «Енді ғалымдарды қосайық», — дедік. Себебі әлеуметтік желіде «жаңбыр жауып жатыр, мен оны шақырдым» деп кез келген адам айта алады. Бірақ оны ғылыми түрде дәлелдеу керек. Сондықтан біз институттың ғалымдарын қосуға ұсыныс жасадық. Ғалымдар зерттеу жүргізсін дедік. Бірақ бұл жұмыс іске аспады. Ол қарсы болды деп айта алмаймын, бірақ бірге жұмыс істелмеді» — деді министр.
Алтай Айнабек қанша қаржы сұрады?
«Ақша туралы да әңгіме болды. Бірақ біз бірінші кезекте ғылыми дәлелдемені талап еттік. Қазір нақты соманы есіме түсіре алмаймын, бірақ әңгіме 100-200 млн теңге көлеміндегі қаражат туралы болды» — деді Нұржан Нұржітов.