Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдан нақты жауап беруді талап етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Отырыста 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістер талқыланды. Депутат Жаңбыршин Президент қойған міндеттерді еске салып, экономикадағы өсім мен бюджет қаражатын жұмсау мәселесін көтерді.
Үкімет пен Мәжіліс арасындағы дивиденд тартысы
Президент 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуді, ал Ұлттық қордағы қаражатты 100 миллиард АҚШ долларына дейін өсіруді тапсырды. Бірақ сіздер қайта-қайта Ұлттық қорға қол салып, ақшаны жұмсап жатырсыздар. Махамбеттің сөзімен айтқанда, «Қорамсаққа қол салдың, қол салғанда мол салдың» дегендей болып тұр.
Өздеріңіз де шектеу болуы керек екенін мойындайсыздар, бірақ бұған нақты қадам жасамайсыздар. Біз 2 пайыздық шектеуді ұсындық. Оны да қолдамадыңыздар. Норвегия тәжірибесінде ол 3-4 пайыз деңгейінде, – деді Жаңбыршин.
Сондай-ақ депутат квазимемлекеттік секторға қатысты сын айтты.
«Квазимемлекеттік сектор 3 триллион теңге дивиденд алады, оның ішінде Самұрық-Қазына 1,9 триллион теңге, қалғандары 1 триллион теңге. Біз осы дивидендтің 100 пайызын бюджетке аударуды ұсындық. Ақша таппай жатырсыздар ғой. Бірақ сіздер келіспейсіздер. 70/30, кейін 50/50 үлесіне дейін төмендеттік. Оған да келіспедіңіздер. Біз бюджетті толтыру жолдарын ұсынамыз, ал Үкімет соған үнемі қарсы шығады», – деді ол.
Депутаттың сын-сауалдары Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға да бағытталды.
– Роман Васильевич, сіздер ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласына бірнеше жылдан бері жетекшілік етесіздер. Бірақ ешқандай өсім көрінбейді. Мұнай саласы құлдырап барады. Қайта өңдеу дамымаған. Бюджетті қалай толтырмақсыздар? Сіздердің нақты жоспарларыңыз қандай? Осында келесіздер, бізге жауап бересіздер де, кетіп қаласыздар. Ішкі өнім, салықтық түсім артып жатқан жоқ, Ұлттық қордың жағдайы да мәз емес. Сіздер нақты не істеп жатырсыздар? – деп сұрады депутат.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттың сауалына жауап беріп, жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
– Ұлттық қор бойынша бюджет қағидалары бар, соның арқасында шығынның өсуін қазір 8-9 пайыз деңгейінде ұстап отырмыз. Алдағы уақытта Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді шектеу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселенің бір шешіміне келеміз. Мұнай бағасы мен көлемінің өсу сценарийлері бойынша Ұлттық қордағы жағдай 2026 жылдан бастап тұрақтанады деп күтеміз.
Самұрық-Қазына биыл дивидендтен тыс 1 триллионға жуық қаражатты экономикаға салды. «Бәйтерек» холдингі де бос қаражаттарын инвестицияға бағыттап жатыр. Дивиденд бойынша мәселе талқылануда. Биыл 10 айда құрылыс саласы 10 пайыздан астам, өңдеу өнеркәсібі 5 пайызға дейін өсті. Экономикада тоқырау жоқ, өсім бар. Біздің алдымызда экономикалық өсімді 5-6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндеті тұр, – деп түсіндірді Байбазаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

