Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы жол апатына түсіп, Грозныйдағы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға бүгін қала көшелерінің бірінде болған. Адам Қадыров мінген кортеж жылдамдықты тым үдетіп, алдындағы кедергіге оңбай соқтығысқан. Соның салдарынан бірнеше көлік қатарынан бірінің артына бірі кіріп кеткен. Зардап шеккендердің қатары көп деседі куәгерлер.
Ауруханаға апаратын көше толық жабылған. Куәгерлердің айтуынша, аурухана маңы әп-сәтте қарулы күзетке толып, маңайға бөгде адамның жақындауына тыйым салынған. Әлемжеліде апат туралы алыпқашпа әңгіме көбейіп тұр. «Адамның жағдайы ауыр, тіпті ес-түссіз жатыр» деген сыбыс тарап үлгерген.
Шешенстандағы жағдайды жіті бақылап отыратын NIYSO қозғалысының дерегінше, апатқа Адамның өзі кінәлі. Қадыровтың кортежі жол қозғалысын елемей, жылдамдықты барынша асырған.
Дегенмен, оның шынайы ахуалына байланысты ресми мәлімет тапшы. Шешен билігі әзірге тіс жарған жоқ. Қадыровтың қарсыластары «оқиғаға байланысты ақпарат таратпау, жергілікті БАҚ-тың жазған-сызғанын бақылау туралы бұйрық түскенін» айтуда.
Адам Қадыров өткен жылы ғана 18 жасқа толып, Рамзан Қадыровтың болашақ мұрагері ретінде жиі атала бастаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

