Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері ерекше рухани шығармашылық кешке куә болды. Оқу ордасының Журналистика факультетінде студенттер қауымы тележурналистика мен отандық кинематография саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі азамат Арман Сқабылұлы бастаған шығармашылық ұжыммен жүздесті.
Көпшілікке танымал «Жаным менің» телехикаясының авторы мен оның серіктестері жастармен ашық әңгіме құрып, көркем туындының артындағы ізденіс, еңбектің сыры мен шеберлік мектебі туралы ой бөлісті.
Кешті факультет ұстазы Қанат Әуесбай жүргізіп отырды. Ал шараның құрметті қонағы, қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай студенттермен жүздесіп, кино мен телевидение саласындағы тәжірибесін бөлісті.
Қайнар Олжай өз сөзінде қазіргі медиа кеңістіктегі шығармашылық ізденістің маңызын атап өтіп, Арман Сқабылұлының журналистикадан кино саласына дейінгі кәсіби жолын «өз дәуірінің көркем айнасы» деп бағалады.
Ол жас журналистер мен болашақ режиссерлерге еңбекқорлық пен адалдықтың шығармашылық табыстың басты шарты екенін еске салды.
Жастардың көзіне үмітпен қарап, олардың бойынан жаңа буынның ізденісін, еркін ойлау қабілетін байқағанын айтты. «Біздің буын жазу арқылы қоғамның үнін жеткізсе, сендер бейне мен дыбыстың тілі арқылы елдің жүрегіне жол табасыңдар» деген сөздері студенттерге үлкен әсер қалдырды.
Кештің ең әсерлі тұсы студенттердің «Жаным менің» фильмін жасаған шығармашылық топқа қойған сұрақтары болды.

Көпшілікті қызықтырған тақырыптардың бірі көркем туындының идеясы қалай пайда болғаны және қоғамдағы өзекті мәселелердің көрінісі экранда қалай бейнеленетіні жөнінде өрбіді.
Арман Сқабылұлы әр сұраққа байыппен жауап беріп, фильмдегі кейіпкерлер мен олардың тағдырларының шынайы өмірден алынғанын жасырмады. «Көрерменнің көз жасы мен күлкісі біздің ең үлкен марапатымыз. Киноның мақсаты қоғаммен диалог орнату» деген сөзі студенттерге ой салды.
Журналистика факультетінде соңғы жылдары жаңа бағыт кино мамандығы бойынша арнайы топтардың ашылғаны белгілі. Бүгінгі кездесу сол бағыттағы студенттер үшін ерекше тәжірибелік сабаққа айналды десек артық айтқандық болмас еді.
Олар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, режиссура, сценарий және монтаж жұмысының қыр-сырын нақты мысалдар арқылы түсінді. Осындай кездесулер студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін арттырып, теория мен тәжірибенің арасындағы көпір іспетті рөл атқарады.
Кеш соңында Арман Сқабылұлы мәдениет пен өнерге қолдау білдіріп жүрген меценат Шухрат Ибрагимовтың атынан факультеттің 5 үздік студентіне 100 мың теңгелік сертификаттар табыс етті. Бұл сыйлық жастарға шабыт беріп, шығармашылыққа деген сенімін арттыра түскеніне куә болдық. Осындай қарапайым, бірақ терең мазмұндағы шаралар студенттерге үлкен өмірге жол көрсетіп, оларды рухани тұрғыдан байытады.
Арман Сқабылұлының және оның командасының осындай кездесулері қазақ журналистикасы мен киносының болашағына бағытталған үлкен жауапкершілікті көрсетеді. Олар жас буынмен жүздесіп қана қоймай, жаңа ой мен жаңа көзқарастың қалыптасуына жол ашты.
Университеттің рухани өмірінде өткен бұл шара студенттердің есінде ұзақ сақталары анық. Себебі мұндай жүздесулерде тек фильм жайлы ғана емес, өмірдің өзі жайлы әңгіме қозғалады.