Қырғыздың Жоғарғы Кеңеш өзін-өзі таратып кезектен тыс сайлау өткізуге келісті. Әдетте мұндай қадам кез келген елде сенсацияға айналар еді, алайда көршілес қырғыз ағайын үшін бұл жағдай әдеттегі саяси дәстүр сыңайлы… Тәуелсіздік алғаннан бергі үш онжылдықта бұл елде алты президент алмасып, оның үшеуі қуғындалып, қылмыскер атанса, қалғандары халық сенімін ақтамай, революция мен төңкерістердің құрбаны болды. Еркіндікке құштар көшпенді рухынан ажырамаған қырғыз қоғамы билікке келген әрбір басшыдан көп үміт күтіп, бірақ тез арада көңілі қалатын әдет бар, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірақ бұл жолы да өзгеріс дүрбелеңсіз өтті. Жоғарғы кеңештің төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлы «қатарынан өтетін парламенттік және президенттік сайлауларды бірінен соң бірін ұйымдастыру қиын, сондықтан мерзімдерді ажырату керек» деген уәж айтты. Депутаттардың бірі «онда енді сіздің сөзіңізге сенуге бола ма?» дегенде, спикер «өмірде өзгермейтін тек қасиетті Құран, қалғанының бәрі жағдайға қарай өзгереді» деп философиялық жауап қайтарды. Бұл сөз қырғыз саясатының табиғатын көрсететіп берді. Тұрақтылық жоқ жерде қағида да тұрақтамайтыны анық.
Енді қырғыз халқы 30 қарашада жаңа ереже бойынша дауыс бермек. Бұған дейінгі партиялық тізім жойылып, ел 30 округке бөлінді, әрқайсысынан үш депутат сайланады. Жалпы саны – 90 орын, бірақ енді партиялар тек бір үміткер ұсына алады. Бұл жүйе сырттай қарағанда саяси бәсекені қыздырғанымен, іс жүзінде билікке адал адамдарды ғана өткізуге ыңғайланып жасалғандай…
Себебі негізгі саяси күш – президент Садыр Жапаров пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамыыбек Ташиевтің тандемі бүгінде халық сенімін иеленіп отыр. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, қырғыз халқының басым бөлігі елдегі тұрақтылықты осы дуэтпен байланыстырып отыр.
Биліктің негізгі шешімдері мен стратегиялық бағыттарын шын мәнінде Қамшыбек Ташиев айқындап отырғаны жасырын емес. Шекарадағы Тәжікстанмен болған қақтығысты реттеу, туған қаласы Жалал-Абадты Манас деп қайта атау секілді бастамалар оның беделін күшейтті.
Бүгінгі қадам – парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу – алдағы үлкен саяси сценарийдің бастамасы ғана. Жапаров өзінің орнын сақтап қалар, бірақ Ташиевтің президенттікке қарай қадамы барған сайын айқындала түскені анық.
Осылайша айыр қалпақты ағайындар тағы да тарихтың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұр. Бір кездері «Орталық Азиядағы демократия аралы» атанған елдің саяси жолы әлі де күрделі әрі қайшылыққа толы. Бірақ бір нәрсе анық. Қырғыз қоғамы билікке бейжай қарамайды. Олардың еркіндікке құштарлығы кез келген саяси өзгерістің өзегі болып қала беретіні анық.