Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қырғыз мемлекеті басшысының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Жапаровтың бұйрығы Конституцияның 70-бабы, 1-бөлімінің 4-тармағы мен 71-бабына негізделген. Комитет төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды. Енді оның кандидатурасын Жогорку Кенеш мақұлдауы тиіс.
Кейін президенттің баспасөз қызметі Жапаровтың шешіміне мотив болған түсініктемесін жариялады.
«Мен қабылдаған шешімімнің негізгі мақсаты мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету, қоғамның және мемлекеттік құрылымдардың арасында алауыздықтың алдын алу. Бізге дәл қазір бірлікті нығайту қажет», – деп мәлімдеген екен Жапаров.
Қамшыбек Тәшиев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып 2020 жылдың қазан айында тағайындалған. Оның әлгі орынға отырғызған да Жапаровтың өзі болатын.
Жапаров-Тәшиев тандемі қалай қалыптасты?
Екі саясаткердің байланысы сонау 2010-шы жылдан бастау алады. Саяси алаңда бір позицияны ұстанған Жапаров пен Тәшиев 2012 жылғы қылмыстық іс бойынша да қатар айыпталған.
«Жапаров пен Тәшиев Қырғызстандағы ең мығым әрі беделді одақтың бірі саналды. 2020 жылдың қазан оқиғасынан кейін екеуінің тандемі тіпті күшейіп, билік құрылымына айналды. Жапаров ел тізгінін ұстаса, Тәшиев күштік құрылымның ең ықпалды тұлғасына айналып шыға келді. Тандемді елдегі ең берік саяси дуэт ретінде бағалап келген едік. Оған қатысты кадрлық өзгеріс билік балансының бұзылғанын білдіретін белгі», — дейді осы тұста қырғыз медиасы.
Соңғы кезде саяси ортада комитет басшысының алдағы президенттік сайлауға дайындалып жатқаны туралы сыбыс тараған. Тәшиевтің өзі науқанға қатыспайтынын, Жапаровтың жолын бөгемейтінін мәлімдеген-тін.
ҰҚМК төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған Жұмғалбек Шабданбеков 1970 жылдың 22 қыркүйегінде туған. Бұған дейін ол ҰҚМК төрағасының орынбасары және осы мекеменің 9-қызметінің басшысы қызметін атқарған.
Бішкектің мәселесі мұнымен бітпейтін түрі бар. АҚШ пен Батыстың 20-шы санкция пакетіне Қырғызстанның белді банктері ілігуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

