Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ел дамуының жаңа кезеңіне арналған стратегиялық бастаманы жариялады.
Конституция күніне орай жасаған жолдауында ол мемлекетті «Жаңа Қырғызстанға» айналдыру туралы бастама көтерді деп жазады Ertenmedia.
«Біздің мақсатымыз тек сыртқы жетістікпен ғана емес, әр азаматтың ішкі байлығымен, рухани тазалығы, адамгершілігі, қонақжайлығы, терең білім-білігімен ерекшеленетін Жаңа Қырғызстан құру», – деді Жапаров.
Президент 2030 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасының басымдықтарын да атап өтті. Олар тұрақты экономикалық өсім, өмір сапасын арттыру, адам капиталын дамыту және рухани құндылықтарды нығайту.
Жапаров елде басталған реформалар жалғасатынын айтты.
«Конституциялық реформа билік құрылымын өзгертті, экономикада тұрақты өсім белгілері байқалды, қоғамда тұрақтылық орнығып келеді. Сыртқы саясатымыз да көпвекторлы сипат алды. Әртүрлі салада тәртіп орнап, дамуға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мемлекет халық сеніміне қайта ие болды. Өмірдің барлық саласында өзгеріс байқалады, олар әрі қарай жалғасады», – деді Қырғызстан басшысы.
Жапаровтың айтуынша, «Жаңа Қырғызстан» стратегиясы мемлекеттік басқаруды реформалау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, бизнесті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту сияқты бағыттарды қамтиды.
«Ата-бабадан қалған мұраны салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты және адамгершілік ұстанымдарын қазіргі ғылыммен, біліммен біріктіретін кез келді. Осылайша қырғыз халқының жаңа келбетін қалыптастырамыз», – деді ол.
Қазақстандық сарапшылар Жапаровтың тезисі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Жаңа Қазақстан» концепциясымен ұқсас екенін аңғарған.
Еске сала кетсек, Тоқаев «Жаңа Қазақстан тәуелсіз елдің болашақ келбеті» деп атап, елдегі саяси мәдениетті өзгерту, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту туралы сөз қозғаған еді.
Сонымен бірге президент Тоқаев өз бастамасымен жүзеге асырылған төрт бірдей саяси реформа пакеті туралы айтып, елдегі өзгерістердің маңыздылығына тоқталған болатын.
Түнеукүнгі республикалық ұстаздар конференциясында сөйлеген сөзінде Тоқаев елде бұрынғыдай рулық, кландық жүйеге жол берілмейтінін мәлімдеген еді.