Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды.
Осы сапарға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен ілесіп барған «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Қытайдың бірқатар ірі компанияларының өкілдерімен маңызды келіссөздер өткізді деп жазады Ertenmedia.
Оның ішінде China Railway Group Limited, PowerChina, TBEA, CRRC, CNPC, CCCC, Huawei Technologies, China Southern Grid және SANY Group секілді алпауыт корпорациялар бар.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, инфрақұрылым және цифрлық технологиялар саласындағы серіктестік мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстанның энергетикалық жүйесін жаңғырту, теміржол мен порт инфрақұрылымын салу, баламалы энергия көздерін дамыту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Тоқаев пен Қытай Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян «Самұрық-Қазына» қорының маңызды бір жобасына Жамбыл облысында салынатын жел электр станцияларына қажетті компоненттер өндіретін зауыттың құрылысына бастау берді.
Телемост арқылы өткен рәсімге әлемдегі ең ірі жел энергетикасы жабдықтарын өндірушілердің бірі SANY Renewable Energy компаниясы серіктес болып отыр. Бұл Қазақстандағы жел энергетикасы саласындағы алғашқы осындай ірі өндірістік жоба.