Қазақстанда отбасының цифрлық картасында отбасы құрамы немесе оның әл-ауқат деңгейі қате анықталып, соның салдарынан мемлекеттік жәрдемақы негізсіз тоқтатылса, азаматтар деректерді қайта тексертуге құқылы. Еңбекмин тәртібін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздікке тап болған тұрғындар ресми түрде тиісті органдарға шағымдана алады.
Қайда жүгіну қажет және мәлімет қалай түзетіледі?
Егер цифрлық картадағы деректер отбасының нақты жағдайына сәйкес келмесе, азаматтар тұрғылықты жері бойынша екі мекеменің біріне жүгінуі тиіс. Олар – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаменті немесе жергілікті әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
«Мамандар отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді тексереді, сәйкессіздіктің себебін анықтайды және деректерді түзетуге көмектеседі», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Қате ақпарат жіберген бастапқы жүйеде түзету жасалғаннан кейін жаңартылған мәліметтер цифрлық картаға автоматты түрде түседі. Кезекті бағалау кезінде отбасының санаты да автоматты түрде қайта есептеледі. Сондықтан азаматтардың мемлекеттік органдарға қайтадан өтініш тапсыруының қажеті жоқ.
Отбасы құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын жаңартылып отырады. Кіріс азайғанда, мүлік сатылғанда немесе отбасы мүшелерінің саны артқан кезде бұл өзгерістер жаңа бағалау кезінде міндетті түрде ескеріледі.
Әл-ауқат деңгейі қалай өлшенеді?
Министрлік өкілдері атап өткендей, отбасының әлеуметтік жағдайы бір ғана кіріс көрсеткішімен есептелмейді.
Отбасының әл-ауқат деңгейі 59 түрлі көрсеткіш бойынша бағаланады. Оның ішінде кіріс, баспана жағдайы, жұмыспен қамтылу, жылжымайтын мүлік, көлік, бизнес пен мерзімі өткен несиелік берешектер бар.
Бағалау қорытындысы бойынша азаматтар бес санатқа бөлінеді: А – әл-ауқаты жоғары, В – қамтамасыз етілген, С – қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, E – экономикалық және әлеуметтік жағынан өте осал. Бұл жүйеге қазіргі уақытта 6,2 миллион отбасына біріккен 20,6 миллион адамның деректері енгізілген.
2027 жылдан басталатын жаңа ережелер
Еске сала кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының мұқтаждығына қарай тағайындала бастайды. Шектеулер А және В санатына жатқызылған отбасыларға қатысты болмақ.
Бұл тізімге бала тууына берілетін төлемдер, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі және көпбалалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақылар енгізілген. Алайда алушылардың кейбір осал топтары үшін арнайы жеңілдіктер мен ерекшеліктер қарастырылған.
Қолданыстағы әдістеме бойынша отбасын ауқатты деп тану үшін бірыңғай табыс шегі белгіленбеген. Нәтиже жиналған жалпы балл көлеміне байланысты болады. Мәселен, А санатына кіру үшін кемінде 1800 балл, ал В санаты үшін 730 бен 1799 балл аралығында көрсеткіш жинау талап етіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







