«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында демеушілердің қолдауымен Панфилов ауданы Талды ауылында 1 саябақ салынса, келесі жылы Жаркент қаласында тағы 1 жаңа саябақтың құрылысы жоспарланып отыр. Сол сияқты жергілікті бюджеттен Атамекен ауылындағы және аудан орталығындағы саябақтар жөнделді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысының айтуынша, Панфилов ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

– Жаркент қаласында 4 көпқабатты үйдің ауласына ағымдағы жөндеу жасалды. Жаркент, Ақжазық, Аққұдық, Сарытөбе, Кішішыған елді мекендерінде балалар және спорт алаңдары салынып, Надек, Үшарал, Ақжазық, Алмалы, Әулиеағаш, Жаркент-Арасан ауылдарының 8 көшесіне 500-ге жуық жарық шамы орнатылды, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Сол сияқты «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайының маңайы көркейтілген. Головацкий көшесінің Жібек жолы-Масаншы көшелерінің аралығындағы бөлігінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Еске салсақ, 2023 жылы қоғамдық тыңдалым кезінде тұрғындар «Арбат» типіндегі серуен алаңын жасау туралы ұсыныс айтқан болатын.
Соған сәйкес қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, жоспар әзірленіп, қазір «Арбаттың» құрылысы жүріп жатыр. Онда шатырлар, орындықтар орнатылып, шағын архитектуралық формалар қойылып, көпшілік серуендейтін әдемі демалыс орнына айналуда.
Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Оған қоса Жібек жолы даңғылының шығыс бөлігін де абаттандырылуда, құрылыс нысаны келесі жылға өтпелі.
Осы аталған жобалардың нәтижесінде 500-дей ағаш егіліп, автоматты суару желісі орнатылады. Көшелердің жалпы көлемі 20,7 мың шаршы метр болатын учаскесі абаттандырылады.

