«Жас Алаш» қазақ баспасөзінің тарихына терең сіңген атау. Жүз жылдан асқан газет ұлттың үнін жеткізген мінберге айналған. Осындай басылымда бас редактор ауысса, бұл жай ғана кадрлық өзгеріс емес. Жақында осы тізгінді тәжірибелі журналист Ерік Рахым қолға алғаны белгілі болды. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, саланың әр сатысынан өткен білікті маман, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның еңбек жолына назар аударсақ, 2002 жылдан бері әртүрлі медиада жүріп, нақты тәжірибе жинағанын байқауға болады. «Түркістанда» тілші болды, кейін «Жас Алаштың» өзінде он жылдан аса жұмыс істеп, тілші, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары сияқты қызметтерді атқарды.
Әр қадамы кәсіби мектептен өткенін көрсетеді. Кейін «ТұранТВ» теледидарда, Bairaq.kz пен Oinet.kz порталдарында редактор болып жүріп, цифрлық медианың да жұмысын меңгерді.
2019 жылдан бастап Nege.kz порталына жетекшілік етіп, аналитикалық бағыттағы журналистиканы екінші тынысқа шығарды. Соңғы алты жылда осы портал қоғамда ерекше қолтаңба қалыптастырып, талай талқылаудың ортасында жүрді.
Nege.kz бүгінгі медиа нарығында өз орнын алған жобалардың бірі. Осы порталға тіреу болған команданың ішінде Ерік Рахым белсенді рөл атқарды. Бұл оның медиа менеджментті де, журналистиканы да қатар алып жүре алатынын көрсетеді.
Ұзақ жылдық тәжірибенің арқасында басылымның қалай қабылданатынын, қай жерде әсерлі болатынын меңгерген. Енді осы тәжірибе «Жас Алаштың» деңгейінде сыналмақ. Газеттің өткен тарихын, қазіргі жағдайын, болашақтағы орнын түсінетін адам келді деп айтуға толық негіз бар.
Қазіргі медианың жылдам өзгеріп жатқанын ескерсек, газет тек қағазда өмір сүретін дәуір артта қалғаны сезіледі. Сандық форматқа бейімделу, аудиторияның сенімін сақтау, талдау мен фактіні ажырата білетін кәсіби деңгей осыларға жауап беретін адам керек еді. Осы тұрғыда Ерік Рахымның тәжірибесі газетке жаңа серпін әкелетіне сенеміз.

