Президент Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде жасанды интеллектінің даму қарқыны адамзаттың оған қатысты этикалық нормаларды бейімдеуінен әлдеқайда озып кеткенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.
«Қазіргі таңда адамзат жаңа технологиялық дәуірге бет бұрды. Жасанды интеллект, үлкен деректер, биоинженерия сияқты революциялық технологиялар өмірімізді түбегейлі өзгертуде. Алайда, этикалық нормалар мен құндылықтар бұл өзгерістердің жылдамдығына ілесе алмай келеді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты бұған дейін фантастика болып көрінген мәселелер бүгінде күн тәртібіне шығып отырғанын атап өтті.
«Біздің алдымызда таңдау еркіндігі мен жеке өмір құпиясын сақтау, цифрлық теңдік пен қауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану сияқты мүлдем жаңа әрі өзекті мәселелер тұр», – деді Президент.
Осы ретте Президент жасанды интеллектіні этикалық тұрғыда реттейтін халықаралық комиссия құру туралы бастама көтерді.
«Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға ортақ қағидаларын әзірлейтін халықаралық этикалық комиссия құруды ұсынамын. Бұл комиссия жасанды интеллект алгоритмдерінің шешім қабылдау кезінде адам құқығы мен абыройын құрметтеуін, кемсітушілікке жол бермеуін қамтамасыз ететін бірқатар әмбебап ережелерді қалыптастыруы қажет», – деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, цифрлық әлемнің болашағы әмбебап рухани және моральдық құндылықтарға негізделуі керек.
«Кез келген технология адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс. Ол үшін рухани көшбасшылар, ғалымдар мен технологиялық инженерлер арасында тұрақты диалог орнату маңызды», – деді Президент.