Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни терминдерді қазақша айтуға шақырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған.
Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық», — деп келтірді «ҚазАқпарат» Наурызбай қажы Тағанұлының сөзін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады.
ҚМДБ мәліметінше, 27 наурызға қараған түн — қасиетті Қадір түні. 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.