Қонаев қаласында шомылу маусымы басталғалы медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың арқасында 30-ға жуық адамның өмірі аман қалды. Әдетте жазғы маусымда адамдардың көңілді уақыт өткізуі бір сәтте үлкен қауіпке айналып кетеді. Көп жағдайда демалушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, ал кейде тағдырдың жазуы күтпеген жағдайға душар етеді. Осындай сәттерде ең бірінші көмекке келетін – құтқарушылар мен дәрігерлер. Бұл жолы олардың ерлігі елеусіз қалмады: Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Халықаралық жастар күні аясында бүгінгі күннің нағыз батырларын марапаттап, алғыс білдірді.
Әкімнің айтуынша, жастар тек спортта ғана емес, медицинада, энергетикада және коммуналдық салада да туған қаласының дамуына үлес қосып келеді. Жиын барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хаты флайбордтан спорт шебері Олеся Колесниченкоға табыс етілді.
Ал қала әкімінің арнайы Алғыс хаттарына лайық деп танылғандардың ішінде 8 адамды құтқарған Бекзат Рахимжанов, 6 адамның өмірін сақтап қалған Бақдәулет Тұрсын, жансақтау бөлімінің дәрігері Рият Бакриев пен оның әріптестері, сондай-ақ қаладағы коммуналдық қызмет өкілдері болды. Бұл марапаттар олардың қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға еді.
Дәрігер Рият Бакриевтің сөзі көпшілікті бейжай қалдырмады. Оның айтуынша, биылғы маусымда олардың бөлімшесіне суға бату диагнозымен түскендердің басым бөлігі алкогольдің салдарынан өмірін қатерге тікті. «Суға батқан ересектердің 70-80 пайызы мас күйде болғаны тіркелді. Бұл адамдардың өз өміріне немқұрайды қарайтынын көрсетеді», – деді ол.
Дәрігерлер үшін әрбір сәт санаулы минуттарға тең. Ол үш жасқа да толмаған баланы клиникалық өлімнен аман алып қалған сәтін ерекше атап өтті. Бұл оқиға олардың кәсіби шеберлігі мен жанкештілігінің айқын дәлелі.
Әрине, мұндай жағдайларда дәрігерлердің ғана емес, жедел жәрдем қызметкерлерінің де еңбегі зор. Олар алғашқы көмек көрсетіп, жасанды тыныс алдыру аппаратын қолданып, науқастарды ауруханаға жеткізгенге дейін бар күшін салады. Ал ары қарай науқастардың өмірі дәрігерлердің қолына тапсырылады. Бұл – командалық жұмыс, әрбірінің ерен еңбегі үйлесім тапқандықтан ғана ондаған өмір сақталып отыр.
Жастар күніне орай айтылған жылы лебіздер мен құттықтаулар да жиынның мазмұнын байытты. «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Олар білімді, ізденімпаз, елге жанашыр болса, мемлекетіміздің іргесі берік болмақ», – деді Рият Бакриев. Әкім де жастарды мерекемен құттықтап, олардың әрбір бастамасына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Салтанатты жиын естелік суретке түсумен аяқталды, бірақ оның мәні – қоғамға еңбегі сіңген жандарға құрмет көрсетілгенімен есте қалды.