Қазақтар қаржысын депозитке салудан гөрі қолма-қол сақтауды жиілетті деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық банк тапсырысымен FusionLab компаниясы жүргізген зерттеуге сай, тамызда банк салымшыларының үлесі бір ай ішінде 65,8%-дан 63,5%-ға төмендеген. Ал ақшасын қолма-қол ұстайтындар үлесі керісінше, 30,8%-дан 37,2%-ға артқан.
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (67,2%) ешқандай жинағы жоқ екенін айтқан.
Қаржы жинайтындардың көбі ақшасын теңгемен (92,5%), кейбірі доллармен (29,2%), аз бөлігі рубльмен (8,1%) ұстайды. Сауалнамаға қатысушылардың 19 пайызы жылжымайтын мүлікке, 6,4 пайызы құнды қағаздарға инвестиция құяды екен.
Отбасылардың көпшілігі (31,9%) айына 150-300 мың теңге табыс тапса, әрбір бесінші отбасы 300-500 мың теңге көлемінде, шамамен 10 пайызы ғана айына жарты миллионнан көп табыс табатыны анықталған.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов депозиттердің азаюы мен қолма-қол ақшаның көбеюін дүрбелеңнің белгісі емес, күнделікті тұрмыстық есеппен байланыстырады.
«Қазіргі жағдайда көптеген отбасының табысы аз, шығыны көп, сондықтан адамдар ақша ұстауда қысқа мерзімге басымдық береді. Баға тез өсіп жатқан тұста, оның үстіне декларация мен тексеріс туралы әңгіме көбейгенде, халық үшін банк емес, «жастықтың асты» сенімді болып көрінеді», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, инфляция баяулап, депозиттен түсетін нақты пайда артса, халық қаржысын қайтадан банкке сала бастайды. Бірақ әзірге қолма-қол ақша қысқа мерзімдегі қаржыны сақтау құралына айналған.
Сонымен бірге шағын бизнестің бір бөлігі жаңа Салық кодексін толық түсінбей, ақша айналымын қолма-қол форматқа көшірген. Бұл жағдайдың ұзаққа созылуы экономика үшін қауіпті.
Себебі қолма-қол ақшаның көбеюі қаржы жүйесіне салмақ түсіріп, банк несиелерін қымбаттатады, ақша айналымының бір бөлігі «көлеңкелі» экономикаға кетеді.
«Халық қазір инфляциядан ұтылып жатқанын байқап, қолма-қол ақшаның тәуекелін мойнына алуға дайын», – дейді сарапшы.
Бұл үрдіс әсіресе ұлттық валютаның тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Себебі қолма-қол ақшаны банк жүйесінен тыс доллар мен басқа валютаға ауыстыру оңай, ал бұл теңгенің бағамына қосымша қысым жасайды.
Сарапшының айтуынша, қолма-қол ақшаға қызығушылық 1–2 жылға созылса, банктердің қаржы базасы азаяды, бұл өз кезегінде несие беруге кедергі болады.
Сонда халықтың 92,5 пайызы қаржысын неге теңгемен ұстап отыр?
Сарапшы екі себепті атап көрсетуде.
Біріншіден, күнделікті шығын теңгемен жасалады, сондықтан қаржыны ұлттық валютада сақтау қосымша шығынсыз әрі ыңғайлы. Екіншіден, теңгемен жинақ ұстаудың пайыздық кірісі жоғары. Долларлық салымдар болса, көбінесе банкке емес, «қолда» сақталады.
«Дедолларизацияға ұмтылып, халықтың валютадағы жинақтарын азайтқанымыз рас. Бірақ айналымнан тыс, қолда сақталып отырған доллардың көлемін нақты білмейміз. Ол ақшалар қазір көбіне көлеңкелі секторда», – дейді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, осы трендті өзгерту үшін халыққа банктегі теңгені қолма-қол ақшадан ыңғайлы әрі тиімді ететін жүйе қажет. Ол үшін банктер мен реттеуші орган 3–6 айлық қысқа мерзімді цифрлық депозиттерді ұсынуы тиіс. Сонымен қатар ақшаны ашық әрі заңды түрде қайта айналымға түсіруге мүмкіндік беретін қарапайым әрі түсінікті қаржы құралдарын көбейту маңызды.
«Ең бастысы, халыққа депозиттен басқа қысқа мерзімді әрі түсінікті қаржы құралдарын ұсыну. Ол үшін банктер реттеушімен бірлесіп жұмыс істеуі керек», – дейді сарапшы.