Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды қала аумағын көгалдандыру мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, 2026 жылға дейінгі жасыл желекті дамыту жоспарларын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында негізінен көпжылдық ағаштар мен сәндік өсімдіктердің көлемін арттыруға, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және су үнемдейтін технологияларға басымдық берілді.
Қала басшысы көгалдандыру жұмыстарының жаңа тұжырымдамасына тоқталды. Биыл биіктігі 5-6 метрге жететін 7,5 мың ірі ағаш, 38 мың стандартты көшет және 500 мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызылады. Бұл жұмыстар Алматыдағы негізгі магистральдар бойында, қала кіреберістерінде, өзендердің жағалау аймақтарында және қоғамдық кеңістіктерде орналасқан 23 учаскеде жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар қалада тік көгалдандыруды дамыту және жасыл дәліздерді жаңарту жобаларына ерекше көңіл бөлінеді. 2030 жылға дейін Алматының дендрологиялық жоспарын дайындау, автоматтандырылған суару жүйелерін кеңейту және кезең-кезеңімен техникалық суды пайдалануға көшу де көзделіп отыр.

Әкімдік мамандарының айтуынша, климаттық ерекшеліктерге төзімді ағаштардың санын арттыруға баса мән беріліп, алдағы уақытта жаңа егілетін қылқанжапырақты ағаштардың үлесі қазіргі 4%-дан 20%-ға дейін көбейтілмек.
Кеңес қорытындысында қала әкімі тиісті басқармаларға жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
Алматы қаласында әкімдік мердігер компаниялардың жауапкершілігін қатаң бақылауға алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

