Алматы облысының делегациясы Қытайға жасаған іскерлік сапары аясында күн энергетикасы саласындағы әлемдік көшбасшы – Astronergy компаниясының өндіріс орнында болып қайтты.
Сапардың басты мақсаты – жаңартылатын энергия көздері бағытындағы озық тәжірибемен танысып, осы саладағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу болатын. Қазақстандық тарап өндіріс үдерісінің автоматтандырылу деңгейіне, өнім сапасын қадағалаудағы инновациялық технологияларға және зауыттың қуаттылығына ерекше назар аударды.
Astronergy компаниясы күннен қуат алатын жоғары тиімді панельдерді шығарумен ғана емес, жасыл энергетика саласында жаңа технологияларды белсенді түрде енгізумен де танымал.
Кәсіпорынға жасалған экскурсия барысында Алматы облысының өкілдеріне өндіріс барысы толық таныстырылып, өнімнің сапасын тексеру мен экологиялық қауіпсіздік стандарттары қалай қамтамасыз етілетіні кеңінен баяндалды.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанда осындай озық технологияларды енгізу, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері бойынша өзара тәжірибе алмасу жөнінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ болашақта Алматы облысында аталған технологияларды жергіліктендіру мүмкіндігі де талқыланды.