Қазақстанда жол ережесін жүйелі түрде бұзып, айыппұлға пысқырмайтын жүргізушілердің «еркелігіне» тоқтау салынуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді бір жылда он рет тәртіп бұзғандар бұдан былай 50 пайыздық жеңілдікпен қош айтысады.
Идеяны былтыр Сенат мінберінде бұрынғы ішкі істер министрі, сенатор Марат Қожаев көтерген еді. Ол өз ұсынысын Ішкі істер басшылығына жолдап, ақыры қолдауға ие болыпты. Қожаевтың сөзінше, біркелкі заңбұзушылықты әдетке айналдырған жүргізушілерге жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін беру олардың жауапсыздығын күшейте түседі.
«Өткен жылы ұсыныс айттым, Үкімет бұл мәселені қарап, қолдап отыр. Алдағы уақытта тиісті өзгерістер енгізілуі мүмкін. Айтарым, бір жылдың ішінде бірдей ережені 10 мәрте бұзғандар 11-ші жолы да жеңілдік күтіп отырмауы тиіс. Олар толық соманы төлеуге міндетті болсын», – деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.
Енді депутаттың бастамасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін жаңа түзетулердің бірінде нақты көрініс табуы ықтимал.
Сенатор Қожаевтың бұған дейін арақ-шарап ішіп рөлге отырған жүргізушілердің жазасын жеңілдету мәселесін көтерген еді. Қазіргі тәртіпке сай, мас күйінде көлік тізгіндеген адам 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Депутаттар пікірінше, бұл мерзім өте ұзақ, әрі талай адамның негізгі табыс көзін шектеп, отбасын асырауында қиындық туғызып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

