Белгілі саясаттанушы Дос Көшім саясаткер, журналист Әміржан Қосанның ең үлкен қатесін атады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әміржан Қосан «Ұлт тағдыры» партиясының атынан сайлауға түсіп, жеңіліс тапты.
«Оның кандидатурасын біз — «Ұлт тағдыры» ұсындық. Әміржан ертең президент болуы мүмкін деген үміт болған жоқ. Ұмытпасам, Марғұлан Сейсембаев сайлау біткеннен кейін былай айтқан екен: «Әміржан Қосанның сайлауға түскенінен ең болмағанда мемлекет, билік өзіне қанша пайыз адам қарсы екенін көрді». Бұл жерде бірнеше мақсат болды.
Шындығында да, «Ұлт тағдыры» өзімізден біреуді ұсынамыз дедік. Өйткені республикалық қоғамдық қозғалыспыз. 2017 жылы бірде-біреуміз өтпейтіндей етіп заңға өзгеріс енгізілді. Мемлекеттік қызметте 5 жыл қызмет жасау деген өзгеріс. Біздің ұлтшылдардың бірде біреуі мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Бізден бір адам да өте алмайтыны анық болды. …Бізге келгені тек Әміржан болды.
Әміржан «Ұлт тағдырының атынан түссем, қалай қарайсың?» деді. «Мен адамдарды жинаймын, солар қалай қарайды, соны байқаймыз» дедім», — дейді саясаттанушы Qazaq Airan-ға берген сұхбатында.
Дос Көшім Әміржан Қосан сайлау кезінде жеке дара әрекет еткенін айтты.
«Халық түсінуі керек. Оның не партиясы жоқ, не қозғалысы жоқ, не ақшасы жоқ. Ол (Әміржан Қосан — еск.) «әлеуметтік желіге сенемін» деді. Ол — жеке батыр. Сайлаудың алдында да ақылдасқан жоқ, сайлау болып жатқанда да ақылдасқан жоқ. Команда құрған жоқ. Сайлауға түскен уақытта кем дегенде 20-30 адамдық команда болады ғой. Ондай болған жоқ. Оның ең үлкен қателігі — экзитполдан кейін жеңілгенін мойындағаны. Егер ертеңіне, сағат 12.00-ден кейін мойындаса, ол уақыттарда ешқандай реніш болмайтын еді. Оған «ең үлкен саяси қателік жасадың» деп бірінші болып айттым», — деді саясаттанушы сұхбатында.
ErtenMedia анықтамасы:
Айта кетейік, 2019 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосановқа сайлаушылардың 16,2 пайызы немесе 1,4 миллион адам дауыс берген еді.
Кейін сайлауда жеңіске жеткен Тоқаевты құттықтаған Қосановтың әрекеті көпшілікке жақпай қалды.