Әлеуметтік желіде Мәслихат депутаты Тимур Елеусізов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда депутаттың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Тимур Елеусізов блогер Руслан Кәрімовпен бірге ұсталды, Кәрімов 28 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілініп отыр. Елеусізов Кәрімовпен және Дамир Көшеевпен байланыста болғаны белгілі, олармен әлеуметтік желілерде жиі бірлескен контент жариялаған.
БАҚ-қа берген сұхбатында депутат қамауға алынған кезде Кәрімовтың жанында болғанын, бірақ ол іске қатысы жоқ болғандықтан босатылғанын айтқан. Елеусізов іс бойынша куәгер екенін атап өтіп, жария етпеу туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Бопсалау туралы айыптауларға қатысты депутат күмән келтіріп: «Әзірге ештеңе айта алмаймын» деген», — деп жазылған ГосАрхив мәліметінде.
Алайда кейінірек депутат Тимур Елеусізов бұл ақпаратты жоққа шығарып, арандату екенін айтқан.
«Ол жаңалықтар әдейі бұрмаланғанын айтып, бастапқы дереккөзге шағым түсіруге ниетті екенін жеткізді. Оның әкесі Мэлс Елеусізов қауесет мақсатты түрде таратылғанын айтты», — деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, бүгін полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша Алматыда кәсіпкер мен екі блогерді ұстады.
«Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп жазылған полиция хабарламасында.
Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚазТАГ мәліметіне сүйенсек, ұсталған блогерлер – Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов.
«Көшеев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында қоғамдық тәртіпті бұзу туралы іс бойынша 15 тәулікке қамауға алынған болатын», — деп жазылған ақпаратта.