Тәуелсіздік пен желтоқсан. Бұл екеуі егіз ұғым. Сонау 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары көтерілмегенде дәл бүгінгі күнге, яғни тәуелсіздікке жетер ме едік, жетпес пе едік. Қасиеті мен қасіреті қатар жүретін сол күннің тарих бетінен орын алғанына да 39 жыл болыпты. Ал, тәуелсіздік күнінің шуақ шашқанына 34 жыл.
Әрі қуанышты, әрі мұңлы осынау мереке қарсаңында жер-жерде ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар өтіп жатыр. Алматы қаласы, Түркісіб ауданының әкімдігі де желтоқсан ардагерлерімен кездесіп, желтоқсан көтерілісінің құрбаны батыр қыз Ләззат Асанованы еске алу мақсатында «Желтоқсан» саябағына жиналды.
1986 ның ызғарлы аязы мен қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің тепкісінен үрікпей, ұлт мүддесі үшін алаңға шыққан жастардың ерлігі, батылдығы, осы күнге жете алмай кеткен боздақтардың арманы әңгіме болды.
Ләззат Асанованың суреті ойылып салынған тас белгінің маңайын шаң-тозаңнан тазартып, желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың аты жөндері жазылған тақтаның қар мен жаңбырдың әсерінен көмескілеген жерлерін жаңартты. Саябақтың ішін қоқыстан тазартып, ендігі көктемде қаулап шықсын деп ағаш отырғызды.

Бұл саябақ желтоқсан ардагерлерінің жиі бас қосатын, іс-шаралар өткізетін сүйікті орнына айналған. Әр жиналған сайын, өткеніміз ұмытылмасын деп тәуелсіздік аңсаған жастарға арнап осы саябаққа «Желтоқсан» атын бергеніне, ауданды басқарып отырған азаматтарға ардагерлердің алғысы шексіз.
Алдағы уақытта да бұдан да жақсы іс-шаралар көбейетініне, ардагерлерге деген құрметтің күшейетініне сеніммен қарайтын ата-апаларымыз көңілдері бір көтеріліп, қауқылдасып қалды. Иә, бабалар аңсаған тәуелсіздіктің туы көк аспанымызда мәңгі желбіресін. Ұрпағымыз еркіндіктің қадірін білсін, бабалар аманатын ғасырдан ғасырға жеткізсін деп бата берді, желтоқсан ардагерлері.
Ақын Ордабай

