Барселонадан Астанаға дейінгі ұзақ жол. 45 миллионның ісімен қашқан кеденші елге жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Испанияда үш жылдан бері жасырынып келген Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды. Бас прокуратура мен ҰҚК-нің жемқорлыққа қарсы қызметі күдіктіні елшілік көмегімен Барселонадан алып келді.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2020 жылы кеден қызметінде істеп жүріп, сегіз автокөліктің иесін кедендік төлемнен заңсыз босатқан.
Ол деректер қорына жалған ақпарат енгізіп, бюджетке 45 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Содан бері халықаралық іздеуде болған күдікті қазір Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталушы қызмет бабын теріс пайдалану және қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін. Сондай-ақ, белгілі бір қызмет мен лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

