Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановқа тиесілі болған «Алтын-Саф» мейрамханасы ақыры сатылды. Бұл ғимараттың тағдыры біраз жылдан бері қоғам назарында болған еді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жемқорлық дерегі бойынша сотталған экс-шенеуніктің мүлкі мемлекет меншігіне өтіп, бірнеше рет аукционға шығарылғанымен, сатып алушылар табылмай келген. Алайда биыл тамызда өткен саудада мейрамхана кешені небәрі 91,3 миллион теңгеге сатып алушы табылған. Негізгі бағалау құны 256,5 миллион теңге болса, бастапқы сауда 64 миллионнан басталған еді. Осы арқылы ғимарат бастапқы есеппен салыстырғанда әлдеқайда арзанға сатылып отыр.
Бұл ғимараттың тарихы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нақты мысалы ретінде қарастырылуы мүмкін. Себебі Ахметжановтың ісі 2016 жылы бүкіл елге жария болған.
Ол кезде айыпталушыға 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, мүлкі тәркіленді. Кейін апелляция нәтижесінде жаза 7 жыл 6 айға қысқарды, ал ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына жарияланған амнистиядан кейін 4 жыл 10 айға дейін азайтылды.
2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бірақ мемлекетке өткен мүлік ұзақ уақыт бойы ешкімге қажет болмай, тіпті бір жылдары 805 миллион теңгеге бағаланса да, сатып алушы табылмай келген.
Мейрамхана кешенінің жалпы аумағы 1558 шаршы метрді құрайды. «Алматы-Екатеринбург» тасжолының бойында орналасқан ғимарат демалыс аймағы мен кафеден тұрады. Қағаз жүзінде қарасаңыз, жақсы табыс әкелетін нысанға ұқсайды. Бірақ ел ішінде аты шыққан бұрынғы әкімнің «көлеңкелі» тарихы бұл ғимаратты сатып алушылардан алшақтатқаны анық.