Шымкентте алма бақтарын дамытуға бөлінген жүздеген миллион теңге қаражат ұрланып, туыс-туған мен жалған компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бұрынғы төрағасы Жандар Омаров ұсталып, екі ай мерзімге қамауға алынды. Оған бюджеттен бөлінген 430 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр.
Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Омаров қызметін асыра пайдаланып, қажетті жабдық пен жұмыстың құнын бірнеше есе көтеріп көрсеткен.
Осы схеманы іске асыру үшін ол Green Mart Kazakhstan ЖШС-нің басшысы Рүстем Сазынбекпен сөз байласқан.
«Сазынбек жиырмаға жуық жалған компанияны өзінің туыстары мен таныстарының атына тіркеп, оларды лизингтік бағдарламаға қатысушы етіп көрсеткен. Фирмалар шын мәнінде ешқандай жұмыс жүргізбеген, бірақ олар арқылы Қорға 1,4 миллиард теңгеге жалған өтініштер түскен», – деп хабарлады қаржы агенттігі.
Өтініштер ешбір конкурссыз мақұлданып, жеткізуші ретінде Сазынбекке тиесілі Green Mart Kazakhstan ЖШС таңдалған. Ақша түскен бойда қаражаттың бір бөлігі жалған компаниялардың шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Оған қоса жабдықтар нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен жеткізілген, ал кейбір жұмыстар мүлде орындалмаған.
Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры Мұрат Ысқақов пен Рүстем Сазынбек әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленген еді.
Ал осы аралықта Қазақстанда мемлекет тарапынан фермерлерге берешек қарыздың көлемі артып бара жатыр. Уәде етілген қолдау шараларына қарамастан, 2025 жылға қарай жүздеген миллиард теңгенің өтініші әлі кезекте тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландырудың кешеуілдеуін бюджет тапшылығымен түсіндіруде. Ал шаруалар болса, жаңа ережелер қарыздан құтылуға көмектесе алмайды деп алаңдап отыр.
👉 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

