Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын нақты бағалады. Кездесу формалды есеп емес, жүйелі нәтижені талап ететін сындарлы әңгімеге ұласты. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдай отырып, әрбір әкім мен басқарма басшысына «жауапкершілік пен нәтиже – басты талап» екенін ашық айтты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы ауданы – Түркістан облысының әлеуеті зор өңірлерінің бірі. Дегенмен, әлеуеттің өзінен пайда көру – бөлек шаруа. Сол себепті облыс әкімі ауылдық округ әкімдерінен бастап аудандық деңгейдегі басшыларға дейін нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізуді тапсырды.
Әкімдердің кейде есеп үшін жұмыс істеп, жобалардың орындалуын қағаз жүзінде қалдыруы өңір дамуын тежейтін басты мәселе екенін атап өтті.
– Қазір әр ауданның табысы мен бюджетке түсімі – әкімнің жұмысының айнасы. Егер кіріс төмен болса, ол экономиканың емес, басқару жүйесінің әлсіздігін көрсетеді, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Алайда облыс басшысы кейбір көрсеткіштердің нақты өмірмен сәйкес келмейтінін сынға алып, салық түсімдері мен жергілікті кірістерді арттырудың жүйелі тетігін қарастыруды тапсырды.
Әсіресе, өңірдегі кәсіпорындардың салықтан жалтаруы, әлеуметтік төлемдердің толық төленбеуі және көлеңкелі экономика мәселелері назардан тыс қалмады.
– Жергілікті бюджет – өңірдің дамуының өзегі. Ал салықтың әр теңгесі – жаңа мектептің, жаңа жолдың, жаңа әлеуметтік жобаның кепілі. Сондықтан салық жинау мәдениеті мен кәсіпорындардың ашықтығы басты назарда болуы тиіс, – деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, Ордабасыны облыс экономикасының қозғаушы күші ету үшін төрт негізгі бағыт айқындалған: ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым. Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру, кооперативтер құру, өңдеу кәсіпорындарын көбейту, ал туризм саласында – инфрақұрылымды жаңғыртып, тарихи орындардың әлеуетін арттыру міндеті қойылды.

– Туризм тек табиғатты көрсету емес, ол – қызмет сапасы, санитарлық тазалық және экономикалық пайда. Турист келсе – табыс келеді, ал табыс – халықтың әл-ауқатының көрсеткіші, – деді Көшеров.
Кездесу барысында жұмыссыздықты төмендету мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс басшысы жұмыс орындарын ашу мен жаңа өндірістерді іске қосу тек есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге инвестиция тарту ісінде аудан әкімдерінің белсенділігін арттыруды тапсырды.
– Инвестор өздігінен келмейді. Оған жағдай жасайтын, сенімді орта қалыптастыратын әкімнің өзі. Қазір өңірде жобалар көп, бірақ олардың сапасы мен тиімділігі басты өлшем, – деді аймақ басшысы.
Жиынның соңында Нұралхан Көшеров барлық деңгейдегі басшыларға халықпен ашық диалог орнатып, жергілікті мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді. Оның айтуынша, бүгінгі күнде әкімнің басты капиталы – есеп емес, халықтың сенімі. «Еңбек пен жауапкершілік қатар жүрген жерде ғана нәтиже болады. Әрбір қабылданған шешімнің артында адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпайық», – деді облыс әкімі.