Жетісу облысында биылғы тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекция маусымы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, эпидемиологиялық маусым басталғалы 45 674 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Соның 30 912-сі 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Яғни вирустық инфекция көбіне балалар арасында таралып жатыр. Осыны ескеріп, медициналық ұйымдар жұмысты күшейтілген режимге көшірген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірінші деңгейдегі медицина ұйымдарында 29 мобильді бригада жұмыс істейді. Олар үйден шықпай-ақ дәрігер көмегіне жүгінгісі келетін немесе жүріп-тұруы қиын науқастарға барады.
Бұдан бөлек, 25 сүзгі кабинеті арқылы клиникаға келген адамдарды бірден сұрыптап, тұмау белгілері барларын бөлек қабылдайды. Азаматтар телефон арқылы да кеңес ала алуы үшін 48 байланыс желісі іске қосылған. Жедел жағдай туындағанда 69 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы шақыруларға шығады.
Өңірде тұмауға қарсы вакцина салдыру да жалғасып жатыр. Қазіргі кезде 82 мың адам екпе алған. Дәрігерлердің айтуынша, созылмалы ауруы бар азаматтар, қарттар және балалар үшін вакцина қорғаныс деңгейін күшейтуге көмектеседі.
Инфекциялық стационарларда 421 төсек дайын тұр, қажет жағдайда қосымша 196 төсек ашуға мүмкіндік бар. Реанимация бөлімдерінде ауыр жағдайда жатқан пациенттер жоқ деп хабарланды. Бұл – қазіргі ахуалдың тұрақты екенін көрсететін маңызды белгі.

Республика бойынша маусымдық тұмаудың кең тараған түрлері айналымда жүр. Жаңа, бұрын беймәлім немесе ерекше қауіпті вирус анықталған жоқ. Ел аумағында А тұмауының H3N2 деп аталатын «Гонконг тұмауы» штаммы тіркелді. Бұл вирус алғаш 1968 жылы әлемге таралған, содан бері маусым сайын қайталанып отырады. H3N2 кезінде дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, әлсіздік пайда болады, жөтел мен тұмауға тән өзге белгілер байқалады. Яғни халыққа таныс классикалық тұмау белгілері.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі маусымда жиі кездесетін үш негізгі штамм бар: А (H1N1), А (H3N2) және В тұмауы. Қазақстанда қолданылып жатқан «Гриппол+» вакцинасының құрамына осы штаммдар кіреді.
Сондықтан дәрігерлер екпе салдыруды тұмаудың ауыр түрінен қорғанудың тиімді жолы деп отыр. Вакцина адамды мүлде ауырмайды деп кепілдік бермейді, бірақ асқынудың алдын алуға және ауруды жеңілірек өткізуге көмектеседі.
Облыстағы жағдайды бақылау жалғасып жатыр, эпидмаусымның әрі қарайғы барысына байланысты қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Ең бастысы, тұрғындар ақпаратты ресми дереккөзден алып, өз денсаулығын қорғауға жауапкершілікпен қарауы қажет.

