Наурызнама онкүндігі аясында Жетісу облысында ұлттық киімге арналған бірқатар ауқымды іс-шаралар өтуде. Көрмелер, фестивальдер, челлендждер мен мәдени бағдарламалар арқылы ұлттық мұраның маңызы кеңінен насихатталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорған қаласындағы Арбат жаяу жүргіншілер аймағы мерекелік фотоаймаққа айналды. Мұнда бүркітшілер, тазы ұстаушылар, батырлар бейнесіндегі кейіпкерлер мен ұлттық киім киген қыз-келіншектер ерекше атмосфера қалыптастырды. Киіз үй, дала стиліндегі композициялар мен гүлмен көмкерілген кеңістіктер келушілерге ұлттық болмысты жақыннан сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараның көркін «Талдықорған әуендері» ансамблінің музыканттары аша түсті. Ұлттық киімдегі өнерпаздар қала тұрғындарымен естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар «Ақ дариға әжелер» ансамблі сахнаға шығып, көпшілікке ерекше жылылық сыйлады. Құрамында 38-82 жас аралығындағы әжелер бар бұл ұжым он жылдан астам уақыт бойы ұлттық өнерді насихаттап келеді.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі де белсенділік танытты. Құрамында 250-ге жуық мүшесі бар ұйым өңір бойынша ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып келеді. Олар алаша тоқу, жүн түту, текемет жасау бағытында шеберлік сабақтарын өткізіп, дәстүрді жас ұрпаққа жеткізуде.
Көркемөнер галереясында өткен «Ұлттық киім – ұлт құндылығы» фестивалі де көпшіліктің назарын аударды. Мұнда түрлі ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, «Аламан құрақ» республикалық жобасына қатысқан жетісулық шеберлер Дүниежүзілік рекордтар кітабына енгенін растайтын медальмен марапатталды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық киімге арналған көрме ұйымдастырылып, кимешектің сан алуан түрі таныстырылды. Көрменің ерекшелігі – дәстүр мен технологияның үйлесімі. Келушілер QR-код арқылы экспонаттар туралы ақпарат алып, этнодизайнер Тілек Сұлтанның ғылыми еңбектеріне негізделген мәліметтерді LED экраннан көре алды.
Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада да ұлттық мұраларға арналған кітап көрмесі өтті. Зерттеушілердің еңбектері көпшілікке ұсынылып, ұлттық құндылықтар туралы түсінік кеңейтілді.
Сонымен қатар өңірдегі түрлі мекемелердің қызметкерлері ұлттық киімге арналған челленджге белсенді қатысты. Бұл бастама ұлттық киімді күнделікті өмірде насихаттаудың жаңа үлгісіне айналды.
Жалпы, өткізілген іс-шаралар ұлттық киімнің тек сән элементі емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды символ екенін көрсетті. Дәстүр жаңғырып қана қоймай, қазіргі заманмен бірге дамып келе жатқан тірі мұраға айналып отыр.
Көп адам ноутбукті қуаттандыратын сым ортасында тұрған «қорапшаға» мән бере бермейді. Бұл элементтің ресми атауы адаптер. Оның негізгі міндеті розеткадан келетін электр қуатын ноутбукке қауіпсіз деңгейде беруді қамтамасыз етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







